
“Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің “Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел” атты жылжымалы көрмесі ашылды.
Көрме Шоқан Уәлихановтың өмірінен сыр шертер шағын көріністен бастау алып, шараға жиналған қауым ғалымның балалық шағы өткен Айыртау ауданындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің жәдігерлерін тамашалады. Көрмеге елуге жуық экспонат қойылған. Уәлихановтар отбасының фотокөшірлемелері, ғалымның жолсандығы мен Шоқанның інісі Мақының пілдің сүйегінен жасаған сандығы, әжесі Айғанымның қамзолы мен XIX ғасырдағы жауынгер сауыты, мылтық, айбалта сияқты көне жәдігерлерге қала тұрғындары қызығушылық танытты. Абылай ханның немересі, Уәли ханның ұлы, Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыстың алтын жіппен кестеленген белбеуін де ерекше айтып өткен жөн.

– Біздің басты мақсатымыз көрнекті қазақ этнографы, саяхатшы, зерттеуші Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертер құнды дүниелерді қызылжарлықтардың назарына ұсынып, ғалымның өнегелі өмірін жастарға үлгі ету. Қараша айының соңына дейін қала тұрғындары көрмені тамашалай алады, – деді Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейі директорының міндетін атқарушы Нұргүл Құлбаева.