«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ШЕКСІЗ ӨНЕР” ФЕСТИВАЛІ

Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық-педагогикалық колледжде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында “Шексіз өнер” атты шығармашылық фестивалі өтті. Байқауда 7-15, 16-29 мен 30 және одан жоғары жас аралығындағы 60-тан астам адам алты аталым бойынша бақ сынасты. 

– Бұл шара облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша және біздің ұйымның мұрындық болуымен өткізілді. Фестивальдің мақсаты – мүмкіндігі шектеулі, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жандардың шығармашылық қабілеттерін ашу және мұны әрі қарай дамытуға септігін тигізу. Яғни, оларды қоғамға бейімдеу. Аталмыш байқау осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр, – дейді “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігі” заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Ақжан Кәрім. Фестивальдің қорытындысы бойынша Есіл ауданының Явленка ауылынан келген Марат Әбдірәсілов 30 және одан жоғары жас аралығында, яғни, ересектер арасында, ал Мағжан Жұмабаев ауданының Чистовское ауылынан келген Валерия Завгородняя 7-18 жас аралығындағы қатысушылар арасында “Көркемсөз оқу” деген аталым бойынша бас жүлде иегері атанды. Сонымен қатар бұл аталым бойынша облыс орталығының өкілі Данил Гребнев пен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген Владислав Сайфутдинов балалар арасында біріші орындарға сай деп танылды. “Декоративті-қолданбалы өнер” аталымында балалар арасында петропавлдық Антонина Олифер, ал ересектер арасында Қызылжар ауданының Бескөл ауылынан үмітін үкілеген Светлана Величко мен Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қаласының тұрғыны Айдара Таласбаеваның мерейі үстем болды. “Вокал өнері” аталымында балалар арасында бірінші орын петропавлдық Сымбат Дүйсенбіге бұйырды. Қаламыздың және Қызылжар ауданының намысын қорғаған Марина Тоқтағұлова мен Руслан Растенов жастар және ересектер арасындағы сын барысында үздік атанды. Сондай-ақ, петропавлдық Татьяна Швец пен Есіл ауданының Явленка ауылынан келген Надежда Сохно “Хореографиялық өнер” аталымы бойынша балалар мен жастар арасында бірінші орындарға ие болды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің барлығы да Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. 

– Шынымды айтсам, бұл фестиваль барысында сахнада өнер көрсеткен мүмкіндігі шектеулі жандарды көрген кезде көзімнен еріксіз жас шықты. Себебі, қиын тағдырдың сынына қарамастан жігері мұқалмаған адамдар көпшілікке үлгі болып табылады. Әлбетте, осы орайда мұндай байқауларды жиі ұйымдастырудың маңызы зор, – дейді шараға қатысқан көрермендердің бірі Мадияр Тоғаев.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp