
Облыс орталығында аналар мектебінің ұйымдастыруымен «Әжелер форумы» өтті. Отбасы құндылығы ұлықталған шараға ақ жаулықты әжелер мен қаладағы қазақ мектеріндегі «Қыздар клубының» мүшелері қатысты.
Жастарға тәрбие-өнеге беретін, ұлттық құндылықтарды, әдет ғұрпымызды олардың бойына сіңіретін ақ жаулықты әжелерімізді ардақтау, олардың өсиетіне құлақ асу – жас ұрпақтың міндеті.
– Бұл іс-шараның маңызы зор. Осындай шарадан көп ой түюге болады. Біз ерекше әсер алдық. Менің де әжем бар. Мен ол кісіні өте қатты сыйлаймын әрі жақсы көремін, – деді қалалық №20 орта мектептің оқушысы Сәбина Қабдөшева. Бұл шара өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылғанын айтып өткен жөн. Сондықтан жауапты ұйымдар мұндай кездесуді дәстүрге айналдыру көзделіп отырғанын жеткізді.
– Қазақы ұрпақ тәрбиесінде қашан да әженің орны бөлек. Әженің айтқан өсиеті, ақыл-өнегесіне ешнәрсе жетпейді. Сондықтан жас ұрпаққа ақ жаулықты әженің айтқан ақылы маңызды екендігін сезіндіруді басты мақсат тұттық. Аяулы жандарға құрмет көрсету арқылы жастардың бойына асыл құндылықты сіңіру абзал, – деді облыстық аналар мектебінің мүшесі Зәуреш Жиентаева.
Форумға түрлі жастағы әжелер қатысты. Солардың арасындағы ең үлкені – Сапура қажы Әміреқызы. Тоқсанға таяп қалған кейуана – Қызылжар орталық мешіті жанынан құрылған әжелер мектебінің мүшесі. Ол ұлттық үлгіде сәнді киім киген қыздардың жарасымды жүріс-тұрысына қуанғанын айтты.
Шара барысында әжелерге дастархан жайылып, өңір өнерпаздары ән мен биден шашу шашты.
Нұрсұлтан ТІЛЕКТЕСОВ.