
Қазіргі таңда шағын және орта бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдау кәсіпкерліктің ел экономикасын дамытудағы маңызын аңғартады. Бұған жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары үшін “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ы облыстық филиалының мамандары ұйымдастырған баспасөз турының барысында да көз жеткіздік. Журналистер кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында бизнес-жоспарын жүзеге асырып, өз ісін табысты жүргізіп отырған серіктестіктердің жұмысымен танысты.
Алдымен “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ы облыстық филиалының директоры Мереке Сыздықов биылғы жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында облыс кәсіпкерлеріне көрсетілген қолдау шаралары жайлы баяндады.
– Үстіміздегі жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде облыста 97 млрд. теңгеге 800-ден астам жоба жүзеге асырылды. Жергілікті кәсіп иелері аталған бағдарламаның игілігін көруде. Сондықтан республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінді. Бағдарлама аясында бүгінге дейін 67 жобаға субсидия және 60 жобаға кепілдік берілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті жүз жобаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Мереке Сыздықов.
“Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктер 5 млрд. теңгені құрайтын 14 жобаны мақұлдаған. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” бағдарламасын жүзеге асыруға биыл 695 млн. теңге бөлінген. 55 кәсіпкерге қолдау көрсету арқылы бұл қаржы бүгінге дейін толық игерілген.
Облыс орталығындағы “ЭкоМол Сергеевка” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, жас кәсіпкер Альбина Рашитова “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында 20 млн. теңге несие алып, сүт өнімдерін шығарумен айналыспақ. Бұл қаржыға ғимаратты жөндеп, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған кәсіпкер биылғы жылдың қараша айында жұмысқа кіріседі. Дені Ресейден әкелінген құрылғылар күніне 10 тоннаға дейін өнім өндіре алады.
Ал “Super Star Club” демалыс және даму орталығында тоғыз айлық сәбилерден бастап, ересектерге дейін көңілге қонымды үйірмелерді таңдай алады. Орталық директоры Динара Қалиева алғашында ғимараттың оң жақ қанатын жалға алған. Кейін келушілер саны артқасын бірінші қабатты толық жалға алуға және оны жөндеуге қажетті қаржы үшін “Банк ЦентрКредит” АҚ-ның облыстық филиалына жүгінген. Орталықтың бас әкімшісі Татьяна Милютинаның айтуынша, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы бес жылға 13 млн. теңгенің несиесін ресімдеген. “Даму” қоры қаржының 79 пайызын кепілдендіріп, 21 пайызы депозит ретінде банкке салынған. Орталықта бүгінде 15 педагог 150-ден астам баламен жұмыс істейді. Олар үшін жылдам оқу, каллиграфия, менталды арифметика, қазақ және ағылшын тілдері, вокал, фортепьяно сабақтары, шахмат, би, каратэ, тағы басқа үйірмелер қарастырылған. Ал балаларын ертіп әкелген ата-аналар йога мен фитнеске қатыса алады.
Бұқаралық ақпарат құралдары ат басын бұрған келесі кәсіпорын – Әсел Калибасованың жеке кәсіпкерлігі. “Мен барлық буын өкілдеріне ұнайтын тәтті печеньелер пісірумен айналысамын. Мемлекеттік бағдарлама арқылы банктен 6 пайыздық жылдық мөлшерлемемен 12,5 млн. теңгенің несиесін рәсімдедім. Қаржының басым бөлігін ғимарат сатып алып, оны жөндеуге жұмсадық”, – деді жас кәсіпкер. Бүгінгі күні печеньенің 70-тен астам түрін дайындайтын кәсіпкер өнімін жергілікті тұрғындарға және Ақмола облысына саудалайды.
Ал “Татаева К.Т.” жеке кәсіпкерлігінің директоры Күләш Төлегенқызы он жылдан бері сүйікті ісімен айналысып келеді. Ол алдымен ерлер, әйелдер мен балаларға арналған ресейлік киімдерді саудаласа, өткен жылдан бастап аяқ киім тігуді қолға алған. Бизнес-жоспарын әзірлеп, “Даму” қорына жүгінген ол 18 млн. теңге несие ресімдеп, оған аяқ киім тігуге қажетті құрал-жабдықтар және түрлі өлшем жасайтын алты форма сатып алыпты. Бүгінде күніне шамамен елу жұп аяқ киім тігуге мүмкіндік бар. Кәсіпкердің айтуынша, бұл аяқ киімдер қытымыр қыстың 50 градусына дейін шыдас беретін көрінеді.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.