
Әлем тарихындағы ерекше марапаттардың бірі – “Маскүнемдік үшін медальді” Ресей патшасы Петр I қоғам дертімен күресу үшін ойлап тапқан екен. Қазіргі кезде бұл медаль суретінің көшірмесін облыстық полиция департаментінің мұражайында көруге болады. Аталмыш тарихи ескерткішті омбылық әріптестер солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларына сыйға тартқан болатын. Медаль шойыннан жасалған. Қамытымен қоса алғанда оның салмағы 8 килограммға жуық.
Бүгінгі таңда адамдардың ішімдікке салынуының салдарынан қоғамда көптеген құқық бұзушылықтар және қылмыстық оқиғалар орын алуда. Мастықтың кесірінен болған жол-көлік оқиғалары да жетерлік. Жыл басынан бері өңірімізде маскүнемдіктің буымен жасалған 661 қылмыс тіркелді.
– Биыл облыстың жолдарында бір мыңға жуық мас жүргізуші ұсталды. Соның 700-ге жуығы соттың шешімімен 3 жылға көлік жүргізу куәліктерінен айрылды, – дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов.
Сонымен қатар 10 мыңға жуық адам қоғамдық орындарда ішімдік ішкені және мас күйде ұсталғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, алкогольді өнімдерді сату ережелерін бұзудың 90-нан астам, ал заңсыз сауданың 200 оқиғасы тіркелді. Үстіміздегі жылдың басынан бері 174 адам маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді.