
Өткен аптада түнгі сағат 3-те орын алған жол-көлік апаты кезінде, «Мерседес» жүргізушісі облыс орталығындағы Ж. Қизатов көшесінде темір құрсауда қалды. Оқиға орнына жедел келіп жеткен құтқару бөлімшесінің кезекшісі Нұрболат Айсин зардап шегушіні автокөліктен шығару туралы шешім қабылдады.
Зардап шегушіні шыны сынықтары мен металл кесектерінен түсуінен қорғау үшін құтқарушылар Артем Савин, Орал Жолдаспаев және Евгений Языков оны көрпеге орап, құтқару жұмыстарына кірісті. Апатқа ұшыраған автокөліктің ішінде сол аяғы қысылып қалған жүргізуші бұл сәтте қатты ауырсынып, жанұшыра айқайлап, өткен-кеткендерді көмекке шақырып жатқан болатын. Құтқарушылар 40 минуттан соң 23 жасар Қадыржанды майысқан автокөліктен алып шығып, “Жедел жәрдем” қызметкерлеріне тапсырды.
Құтқарылған жігіт қазір облыс орталығындағы ауруханалардың бірінде жарақат бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы тұрақты.