«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙГЕН

Адам еңбегімен ардақты. Елдің құрметіне бөленген осындай жанның бірі – Жанбатыр Сартаев. Табыс пен жетістікке тек ізденістің арқасында қол жеткізген азамат ар мен абыройды бәрінен биік қояды. Елінің ертеңі үшін тер төгіп, ғылымның дамуына өзінің үлесін қосты. Сол еңбегінің жемісін көріп келе жатқан Жанбатыр Нұртайлының сәулелі ғұмыры өзгелерге үлгі. 

Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқа­нов, Сафуан Шәймерденов сияқ­ты текті ұлдарды тербеткен Жам­был ауданындағы Орталық ауы­лында дүниеге келген ол жастайынан оқуға зерек болып өседі. Әкесі Нұртай Ұлы Отан соғысы­ның ардагері. Есейе келе, ол адам жанының арашашысы болуды ал­дына мақсат етіп, Қарағанды мем­лекеттік медициналық инсти­ту­тын­да білім алды. Дәрігер атанған соң кейін атаулы оқу орнында ас­пирант болып, 1978 жылы кан­дидаттық диссертация қорғады. Бір кездері өзіне қолдау көрсеткен Мерсаид Мерахимов, Санжар Данияров сынды академиктердің қамқорлығын әлі күнге дейін үлкен ризашылықпен еске алып, айтып отырады. 

Көзі ашық, көкірегі ояу Жанба­тыр Нұртайұлы алға қойған ісін ешқашан аяқсыз қалдырған емес. тапсырманы мұқият, жауапкерші­лікпен орындайтын маманның жұ­мысы көптің көзіне түсіп, ол 1980 жылы КСРО ІІМ-нің Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу институтына қа­рас­ты қылмыспен күрес зертха­насына басшылық қызметке тағайындалды.
Қай ортада еңбек етсе де, ұжым­ның құрметіне бөленген ол әріп­тестеріне үлгі бола білді. Жас­тарға ақыл-кеңес айтудан да еш­қашан жалыққан емес. Кейінгі жыл­дары Петропавлдағы медицина­лық колледждің тізгінін ұстап, об­лыстық денсаулық сақтау депар­та­менті басшысының орынбасары сияқты бірқатар лауазымды қыз­метті абыроймен атқарды. Ал ғы­лым саласына оның сіңірген еңбегі зор. Еселі еңбек те ескерусіз қалған жоқ. Медицина ғылымда­ры­ның докторы, профессор Жан­ба­тыр Сартаев “Ave Vitae” халық­аралық орденімен марапатталып, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен “Ерен еңбегі үшін” медаліне ие болды. “Алтын дәрігер” атағын алған оның басқа да жетістіктері аз емес. Бірқатар министрліктердің Алғыс хаттары да шаңырағының тө­рінде тұр. Оған 2006 жылы Қа­зақстан Республикасы Білім және ғы­лым министрлігі атынан про­фес­сор атағы берілді.
Зейнетке шықса да, жұмыстан қолы қалт еткен жоқ. Өйткені, көргені көп, көкейге түйгені мол азаматтың жастарға айтары аз емес. Білім мен ғылым жолынан алшақтап кете алмаған ол 2015 жылдан бері Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық ұлан Әскери инс­титутында аға ғылыми қызметкер. Бүгінде ол әскери психология жә­не педагогика кафедрасының профессоры.
Курсанттар әрдайым ұстаздың сабағына ерекше құлшыныспен қатысады. Жаңашылдыққа құш­тар, өмірге көзқарасы өзгеше, жан дүниесі бай Жанбатыр Нұртайұлы институтта тәрбие жұмысына да атсалысуда. Соңғы жылдары профессордың жетекшілік етуімен кур­санттар ғылыми жұмыстар жазуға ден қойғанын айтып өткен жөн.
Ол бірнеше мәрте республика­лық және халықаралық ғылыми съездер мен конференцияларға қатысып, баяндама жасады. Оның 750-ден астам ғылыми мақаласы, 100 шақты оқу әдістемелік жұмы­сы, 12 монографиясы жарыққа шықты.
Бүгінде жетпістің төріне шық­қан Жанбатыр Нұртайұлы атақ-абыройына, жеткен жетістігіне тоқ­мейілсімейді. Әрқашан ізденіс үс­тінде жүретін ұстаздың Мәскеу қаласында В.П Сербский атындағы сот психиатриясында біліктілік кур­сынан өткенін айтып өткен жан.
Ұзақ еңбек жолында бір ғылым докторын, бес ғылым кандидатын тәрбиелеген ардақты ұстаз әлі де ғылым саласында жемісті еңбек етуде. Көпке үлгі бола білген аза­матты Әскери институт басшылы­ғы да ерекше құрметтейді. Әріптестері де мақтан етеді.

 

Мөлдір БОПАШЕВА,
Қазақстан Республикасы

Ұлттық ұлан

Әскери институтының

баспасөз хатшысы.

  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp