
Қазіргі таңда өңірімізде бес түзеу мекемесі бар. Онда 819 адам жазасын өтеп жатыр.
Түзеу мекемесінің қызметкерлері жазасын өтеушілерді тәрбиелеу және тәртіпсіздіктің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Түзеу мекемесінің бүгінгі таңдағы жұмысы мен материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, сотталғандарды еңбекпен қамтамту, жазасын өтеушілерді ұстау жағдайын халықаралық талаптарға сәйкестендіру мәселесі жиі талқылануда. Әсіресе, жазасын өтеушілердің білім алып, маман иесі атануына зор көңіл бөлінуде. Темір тордың ар жағында жүргендер арнайы мамандық игерсе, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, бостандыққа шыққанда жұмыс табуға мүмкіндігі молаяды.
Өңіріміздегі түзеу мекемелерінде Петропавл кәсіптік колледжі, Солтүстік Қазақстан кәсіптік дайындық және сервис колледжі құрылыс-ұстасы, электр газымен дәнекерлеуші, тас қалаушы, сылақшы қаптаушы-плиташы, тігінші, слесарь-сантехник, шаштараз-модельер мамандықтары бойынша білім береді. 2019-2020 оқу жылында жоғарыда айтылған мамандықтар бойынша 140 жазасын өтеуші білім алып жүр. Биыл ЕС-164/3, ЕС-164/6 мекемелерінде “слесарь-сантехник”, “Шаштараз өнері және сәндік косметика”, “Шаштараз-модельер” сынды мамандықтар бойынша білім алуға жағдай жасалды. Жазасын өтеушілер бұл мамандықтарды жоғары деңгейде игеру үшін дәріс сыныбы мен тәжірибелік шеберханалар жасақталып, қажетті әдебиеттер мен көрнекі құралдар алынды.
Ал жазасын өтеушілерге арналған дәріс сыныптары мен шеберханаларын жөндеп, материалдық базаларын нығайтты. Оқытылатын мамандықтар бойынша оқу құралдары және тәжірибелік қондырғыларжа жеткілікті.
Тәрбие жұмысы арқылы сотталғандарға заң, еңбек талаптарын сақтауды қалыптастыру, білім беру және мәдени деңгейлерін арттыру, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған бағдарламаларға қатысуға ынталандыру көзделеді.
Өңіріміздегі түзеу мекемелерінде тәрбие бөлімінің қызметкерлері тұрақты түрде әлеуметтік-құқықтық, адамгершілік сипаттағы сабақтар өткізеді. Сотталғандар арасында тәрбие жұмысы олар мекемеге келген күннен басталады. Алдымен олардың жеке басындағы оң қасиеттері назарға алынады. Оны анықтау үшін де уақыт қажет. Себебі, адам бойындағы жақсы қасиетті анықтап, оны жетілдіру аса маңызды.
Мәселен, ЕС-164/9 мекемесi сотталғандарды ұстауға арналған қоныс колониясы болып табылады. Бұл жерде сот, құқық қорғау және арнайы мемлекеттiк органдардың бұрынғы қызметкерлерiн өтейді. Бұл жердегілердің дені жоғары немесе орта-арнайы бiлiмі бар азаматтар болғандықтан оларға адалдықты дәріптеудің тың жолдарын қарастырамыз.
Бұл тұрғыда еңбек тәртіпке баулудың ең тиімді құралы екені анық. ЕС-164/9 мекемесiнде сотталғандардың 98 пайызы Якорь ауылдық округiнде, Петропавл қаласындағы нысандарда жұмысқа орналастырылды. Олар тұрақты түрде ай сайын еңбекақыларын алып, отбасы мен жақындарына да көмек көрсетеді. Жұмыс iстейтiндер еңбек демалысына да шыға алады. Сотталғандардың өтінішіне сәйкес тұрғылықты жері бойынша ұзақтығы 24 күнге дейiн демалыс беріледі. ЕС-164/9 мекемесiнде жазасын өтеп жүргендердің 99 пайызы өзге өңірдің тұрғындары болғандықтан, бұл олардың адал еңбек етуге, тәртіпті бұзбауға ынталандырады.
Демалыс және мереке күндері түзеу мекемесінің өнерпаздары түрлі концерттер ұйымдастырады. Облыс мекемелеріне тәрбие жұмыстарын жүргізу үшін қалалық спорт және туризм, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің, Жастар ресурстық орталығының мамандары, Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының әртістері, діни мекемелердің өкілдері шақырылады. Өңіріміздің спортшылары шеберлік сыныптарын өткізіп, өз тәжірибелерімен бөліседі. Сонымен қатар түрлі зияткерлік ойындар, көңілді тапқырлар клубы, баспасөз мәслихаттары, жарыстар және тағы да басқа танымдық-тағылымдық шаралар ұйымдастырылады. Пробация қызметінің мамандары сотталғандарды босату кезінде әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған дәрістер мен әңгімелесулер өткізеді.
Сергей САУЛО,
облыстық қылмыстық-атқару жүйесі
департаментінің сотталғандардың еңбегін
ұйымдастыру тобының бас маманы,
әділет майоры