«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРГІЗУШІ МЕН ЖОЛАУШЫ МӘДЕНИЕТІ

Қоғамдық көлік жүргізушілері мен жолаушылары арасында дау-дамай жиі туындайды. Осыған орай “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталық “Әдепті жүргізуші/әдепті жолаушы” акциясын қолға алды. Аталмыш шара “Автокөлік одағы” қоғамдық бірлестігі тарапынан да қолдау тапты.

Мұндай акцияны біздің облыс елімізде алғашқы болып бастады. Іс-шара ең алдымен қоғамда сыбайластыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
“Қаладағы 6 бағыт бойынша қатынайтын 74 автобуста тұрғындардың қоғамдық көліктегі әдептілігіне назар аударылады. Бұған қоса көрнекі ақпараттың көмегімен жүргізушілер мен жолаушыларды әдептілік пен парасаттылыққа шақырамыз. Әрине, шешімін күткен мәселелер жоқ емес. Жолаушы тасымалдаушылар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының мамандары бұл бағытта жұмыс атқаруда. Плакаттарда қоғамдық бақылау нөмірі де көрсетілген. Дөрекілікке тап болған жолаушылар осы нөмірге хабарласа алады”, – деді алдын-алу және әдептілік басқармасының басшысы Дамир Хабибулин.
Акцияға 9М, 21М, 4А, 22М, 24М, 14М бағыттары бойынша қатынайтын көліктер қатысуда.
“Кейде жүргізушілер дөрекілік танытады, кейде жолаушылар тарапынан қателік кетіп жатады. Сондықтан мұндай акцияның өткізілгені дұрыс деп санаймыз. Көліктерге ілінген плакаттар жолаушыларды да, жүргізушілерді де тәртіпке шақырмақ”, – деп “Автокөлік одағы” қоғамдық бірлестігі төрайымы Галина Семенова өз ойын білдірді.
Акцияға қатысушылар бір автобустың жүргізушісімен әңгімелесіп, тамырын басып көріп еді, ол да мұндай шараға қолдау білдірді.
“Жүргізушілер мен жолаушылар арасында жақсы қарым-қатынас болғаны жөн. Өз басым әрдайым әдептілік сақтауға тырысамын. Біз, жүргізушілер, дөрекілікке жол бермеуге тиіспіз. Алайда мұны жолаушы да түсінгені абзал”, – деді ол.
Мұнымен жолаушылар да келіскенін айта кету керек. Олар жүргізушілер автобусқа үлгермеген тұрғындардың алдында есігін тарс жаппай, күте тұрса деген тілегін білдірді.
Жолаушылар жүргізуші тарапынан кеткен қателіктерге тап болса, 8 707 564 14 24 номеріне хабарласа алады. 

Сурет https://www.inform.kz сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp