
Грек-рим күресінен облыстық біріншіліктердің бірнеше мәрте жүлдегері Көшер Түренов бар білгенін балғындарға үйретуге ұмтылған жас бапкер еді. Алайда, оған соңынан ерген жеткіншектердің жеңісін көру бақыты бұйырмады. Тағдырдың жазуымен дәм-тұзы ерте таусылған әріптесін еске алу мақсатында облыс орталығындағы қазақ мектеп-гимназиясының ұжымы волейболдан қалалық турнир ұйымдастырды.
Жарысты ашқан қазақ мектеп-гимназиясы жанындағы спорт кешенінің меңгерушісі Әсет Әбілмәжінов болашағынан зор үміт күттірген жас спортшының қамшының сабындай қысқа өмірінде қол жеткізген жетістіктерінің аз еместігін айтып өтті.
– Жамбыл ауданындағы Западное ауылының тумасы Көшер Еркешұлы облыс орталығындағы спортқа мамандандырылған мектеп-интернатта білім алған. Осы кезден-ақ жетістіктерімен көзге түсіп, түрлі деңгейдегі сайыстарда топ жарды. Кейін өмірін шәкірт тәрбиелеу ісімен байланыстыруды жөн санаған ол Петропавлдағы “Ақбота” балабақшасында және қазақ мектеп-гимназиясында дене шынықтыру пәнінен сабақ берді. Облыс аумағында грек-рим күресінен және волейболдан өткен бәсекелерге белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Әріптесіміз 2015 жылы 27 жасында қатерлі дерттен көз жұмып, ортамыз ойсырап қала берді. Бүгінгі турнирді Көшер Еркешұлының асыл бейнесін жадымыздан шығармай, оның көркем мінезі мен ерекше қабілетін жастарға үлгі ету мақсатында ұйымдастырып отырмыз, – деді Әсет Сайлауұлы.
Осымен үшінші жыл жалауы желбіреген жарыста қала мектептерінің командалары ерекше белсенділік танытты. Тоғыз құраманың тартысты ойынын тамашалауға келген жанкүйерлер волейболшылардың әр қимылын жіті қадағалап, қолпаштап отырды. Сайыс нәтижесінде қазақ мектеп-гимназиясының командасы жеңімпаз атанды. №6 мектептің құрамасы 2-орынды иеленсе, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының командасы үздік үштікті түйіндеді. Жүлдегерлер мен түрлі аталымдар бойынша үздік деп танылған командарлар кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шараны ұйымдастыру ісіне көмек көрсеткен Көшер Түреновтің туыстары мектеп ұжымына ризашылығын білдіріп, жиналғандарға ас берді.
– Волейбол ұлымның ең сүйікті спорт түрі еді. Ажал арамыздан ерте алып кетті. Көшерді ұмытпай, жылда осындай еске алу шарасын ұйымдастыруға қолдау көрсетіп жатқан әріптестеріне алғысым шексіз, – деді анасы Қымбат Түренова.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: жарысқа қатысушылар.