
Кеше Мамлют ауданына қарасты Воскресеновка орта мектебінің мәжіліс залында Воробьевтер отбасына құрмет көрсетілді. Олар бұрнағы күні кешкісін Домашнее көлінде суға кете жаздаған Леонид және Евгений есімді екі баланы құтқарғанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз (https://soltustikkaz.kz/index.php/ja-alyqtar/8960-b-gingi-k-nni-batyrlary).
Салтанатты іс-шараға мектеп мұғалімдері мен оқушылары, ауылдық округ әкімі, полиция және төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты. Аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Амир Бекчентаев Воробьевтер отбасына қысылтаяң сәтте батырлық пен қайсарлық танытқаны үшін Алғыс хат табыс етіп, өздерінің үш баласы мұндай ата-анасын мақтан тұтуға құқылы екенін атап өтті.
Одан кейін сөз алған жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Александр Рогачев та бүгінгі күннің батырларына жылы сөздерін арнап, ауылдық округ әкімдігінің, полиция және төтенше жағдайлар бөлімдерінің атынан естелік сурет табыс етті. Ал жеке кәсіпкер Александр Богданов құтқарушыларға батырлығы үшін алғысын білдіріп, микротолқынды пеш сыйлады.
Бүгінгі күні мектеп директорының міндетін атқарып жүрген Владимирдің мұғалімі Лариса Андрюхина өз оқушысы үшін кеудесін мақтаныш сезімі кернегенін ерекше ілтипатпен жеткізді.
Іс-шараға қатысқан құтқарылған балалардың ата-аналары да ерлі-зайыпты Воробьевтерге алғыстарын жаудырып, келешекте балаларды қараусыз қалдырмайтынын айтты.
Қазіргі уақытта Владимир Алексеевич пен Татьяна Владимировнаны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі марапаттауы үшін ұсыныс әзірленіп жатыр.