
Жазғы демалыстарында екі қолға бір күрек таба алмай, бос жүрген студенттерге зор көмек көрсететін «Жасыл ел» еңбек жасағы 15-маусымын қорытындылады.
Өткен жылы облыстық штаб республика бойынша «Үздік жасақ» аталымында топ жарып, жетекшісі Асқар Баймұқанов «Солтүстік Қазақстан облысының үздік жас көшбасшысы» атағын иеленген болатын. Өңір ормандарын, облыс орталығындағы саябақтар мен аулаларды қоқыстан тазартып, жалғызбасты қарияларға көмектесу мақсатында биыл да тындырымды істерді атқарған жасақ сарбаздары «Ең үздік штаб» аталымында жеңімпаз атанды. Үстіміздегі жылы облыстық жасақ қатарында 600-ден астам жас еңбек етіп, қала мен елді мекендерді көгалдандыру, ағаш көшеттерін отырғызу, күтіп-баптау, әктеу жұмыстарымен айналысты. Сондай-ақ, жасылелдіктер орманды тазартып, жалғызбасты қарияларға көмектесуді де назарында ұстайды.
Жасақ қатарында еңбек еткен жастар жаз айларында уақыттарын босқа өткізбей, қаражат тауып, ата-анаға қолғабыс болса, екінші жағынан қоршаған ортаның тазалығына өз үлестерін қосады. Облыстық жасақ жетекшісінің орынбасары Әділ Бейсембаевтың айтуынша, ұл-қыздар биыл өңір аумағында жеті мыңнан астам ағаш отырғызып, 1200 гектардан астам жерге абаттандыру жұмыстарын жүргізген.