

Елбасының “Архив – 2025” мемлекеттік бағдарламасы және мұрағаттардың құпияларын жариялау өлке тарихының бұған дейін белгісіз болып келген парақтарын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, қазақтың ардақты азаматтарының бірі Смағұл Сәдуақасовтың 1927 жылы бұрынғы Ақмола губерниясының сол кездегі әкімшілік және мәдени орталығы – Петропавл қаласында тұрғаны белгілі болды. Бұл жыл солтүстік өңір үшін тағдыршешті кезең еді: келесі 1928 жылы Ақмола губерниясы таратылып, округ болып қайта құрылды.
Смағұл Сәдуақасов өзінің “шағын Отанына” қайтып оралғаннан кейін қол қусырып қарап отырған жоқ. Сол кезде Смағұлдың ата-анасы Ақмола губерниясында тұратын, оның туған жеріне оралуының бір себебі осында жатқан сияқты. Осы кезеңде бұрынғы халық комиссары немен айналысты, кімдермен араласты деген сұрақтарға шетелдік және отандық архивтерден табылған мәліметтерге сүйене отырып жауап беруге болады.
Смағұл Сәдуақасов – белгілі қазақстандық мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, жастар және кооператив қозғалыстарын ұйымдастырушы, бірқатар өңірлік және республикалық басылымдардың редакторы, ұлттық театрдың кураторы және Қазақстан Жоғары мектебінің ұйымдастырушысы, Ташкенттегі алғашқы Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнының ректоры, бірнеше пьесалардың, Қазақстан тарихы бойынша аяқталмаған повесть пен зерттеулердің авторы, Қазақ өлкесінің Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Халық ағарту комиссары, ұлттық-аумақтық межелеу және астананы Орынбордан көшіру комиссары, бұған қоса ол Мағжан Жұмабаевтың, Мұхтар Әуезовтің адал досы. Смағұл Сәдуақасов алдағы жылдың ақпан айында 100 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған “Кедей сөзі”, “Бостандық туы” газеттерінде Алаштың ардақты ұлдарымен бірге қызмет істеген.
Атақты жерлесіміздің өмірбаяны туралы деректер тым жұтаң. Оның қуғын-сүргінге ұшыраған кезеңі мүлдем аз зерттелген. Сондықтан барлық материалдарды қосымша зерделеуге тура келді. Бірқатар дерек көздері Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің қорынан табылды. Солардың бірі – 1927 жылы шілде айында халық ағарту губерниялық комитеті төрағасының орынбасары Сәдуақасовтың қолы қойылған құжат. Қуғынға ұшыраған халық комиссары өмірбаянының белгісіз тұстарын ашуға, атап айтқанда, 1927 жылдың қаңтарынан бастап күзіне дейін Ақмола облысының әкімшілік орталығында жұмыс істегенін анықтауға осы жолдардың авторының “Архив – 2025” бағдарламасы аясында еліміздегі және шетелдердегі архивтерден тапқан деректерінің септігі тиді. Бірқатар құжаттарға Смағұл Сәдуақасовтың қолы қойылған. Біз кейіпкеріміздің Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының төрағасы, Халық ағарту комиссары болған кезіндегі құжаттардағы қолын салыстыра келе олардағы сәйкестікті анықтадық. Оның қол қою мәнеріне тән ерекшеліктер: фамилияның алғашқы төрт әрпі – C, a, д, в нақты жазылады да, содан кейін жоғарыдан төмен қарай ирелеңдете салады. Мұны бүге-шігесіне дейін нақтылап отырғанымыз тектен-тек емес. Өйткені, Смағұл Сәдуақасовты тегі бір Сарыарқаның тумасы, сол кездері жауапты қызметтер атқарған Жанайдар Сәдуақасовпен шатастырушылар көп. Ал дәл 1927-1928 жылдары Жанайдар Сәдуақасов Петропавлдан шалғайда, Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметінде болған. Сондықтан Смағұл Сәдуақасовтың Қызылжарда болғаны күмән тудырмауы тиіс.
Айта кету керек, 1927 жылдың басында Ақмола губерниясының аумағы айтарлықтай үлкен еді. Өйткені, сол кезде оның құрамына 59 болыс кіретін. Соның ішінде 19-ы – Ақмола, 15-і – Петропавл, 8-і – Атбасар және 17-сі Көкшетау уездеріне қарады. Мұндай әкімшілік бөлініс 1928 жылдың күзіне дейін сақталды.
Осындай ұлан-ғайыр өлкенің кәсіптік білім жүйесін басқару оңай болған жоқ. Алайда, Смағұл әрдайым кез келген іске бастамашы болып, адамдарды соңынан ерте білді және қоғамдық мәселелерге белсене араласты. Оның қай лауазымда жүрсе де қабылдаған шешімдері салмақтылығымен ерекшеленеді. Мәселен, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде Ұлттық жоспарлау комиссиясы төралқасы отырысының №30/68 хаттамасының 1923 жылғы 12 желтоқсандағы көшірмесі сақталған. Орынборда өткен бұл жиынға республиканың Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы Миндлин төрағалық еткен, ал белсенді қатысушылардың арасында Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары Смағұл Сәдуақасов та болған. Ол кезде Смағұл Мемлекеттік жоспарлау комитетінде еңбекке деген ынта-жігерімен көзге түсіп үлгерген еді. Отырыста әңгіме былғары және тері өнеркәсібі жайында өрбіді. 1923 жылғы хаттама Смағұлдың өнеркәсіпті басқарудағы орталықсыздандыру туралы пікірталасқа белсене қатысқанын айғақтайды. Алайда, сол кезде өндірушілердің, соның ішінде Ақмола облысы өкілдерінің де пікірлерін ескере отырып, қажетсіз шығын шығармау үшін өндірісті жергілікті жерлерде қалдыру туралы шешім қабылданды (Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві).
Халық ағарту комиссары С.Сәдуақасов Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінен табылған тағы бір құжатқа 1927 жылдың ақпанында қол қойған. Голощекинмен қақтығыстан соң және білім комиссары қызметінен босатылғаннан кейін (ол бұл қызметінен кететіні туралы сол кезде Мәскеудегі медициналық институттағы оқуын аяқтағалы жүрген әйелі Лизаға жазған-тын) Петропавлға оралған ол (ресми түрде “Казкрайкомның” қарамағында болған) ресми саяси хаттардағы қолтаңбаларына қарағанда сол 1927 жылдың наурызында Ақмола облыстық білім беру қызметкерлері кәсіподағы (Ақмолгубпрофобр) төрағасының орынбасары қызметіне кірісті. Смағұл Сәдуақасовтың Петропавлға келуі республиканың солтүстік өңірінің білім саласына жаңа леп әкелді.
Смағұл Сәдуақасов қол қойған ең алғашқы құжаттың мерзімі 1927 жылдың наурыз айы деп көрсетілген (Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінен табылған ең көне құжат осы). Онда мұғалімдерді мереке күндері жұмысқа тартуға тыйым салынғаны хабарланған. Бұл жерде қандай мерекелер туралы сөз болып отыр? Дерек көзіне жүгінсек, онда 3 және 4 сәуір – Рамазан айт, 10, 11 және 12 маусым – Құрбан айт, 15 тамыз – Успение мерекелері көрсетілген. Бұл құжат С.Сәдуақасовтың жоғары жақтың ақпаратын жергілікті кәсіподақтарға жедел жеткізгенін көрсетеді. Дерек көзі әлеуметтік антропология тұрғысынан да қызығушылық туғызады: қаулыда көрсетілген демалыс күндері кеңес азаматтарының діни сенімдерімен тығыз байланысты, яғни 1927 жылдың басында КСРО-да, соның ішінде Қазақстанда атеизм әлі кең тарала қоймаған деп ой түюге болады. Халықтың діни сезімдері құрметтелді, ислам мен христиан дінін ұстанушылардың ең маңызды мерекелері демалыс күндері болып жарияланды.
Республика аумағында діни мейрамдар тек 1927 жылы ғана емес, басқа жылдары да аталып өтіліп жүрді. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінен 1923 жылғы демалыс күндері жарияланған орыс тіліндегі газеттердің қиындыларын таптық. Онда Құрбан айт, Вознесение, Преображение, Успение мерекелері көрсетілген.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінен табылған 1927 жылдың наурызынан қазанына дейінгі кезеңдегі Смағұл Сәдуақасов қол қойған басқа құжаттар кәсіподақтардың жұмысын жандандыруға қатысты нақты мәселелерге: еңбекақы төлеу, 1927 жылғы тамыздағы кәсіподақ жарналарының мониторингі және есеп беруі, кәсіподақ ұйымдарының жұмысы, әлеуметтік сақтандыру және іс-шаралар жоспарларына арналған. Мәселен, 1927 жылдың шілдесінде “КСРО қорғаныс апталығының жоспары” жергілікті жерлерге жолданған.
Сол жылдың қыркүйек-қазан айларында С.Сәдуақасов қол қойған Қазан төңкерісінің 10 жылдығы туралы құжат кәсіподақ ұйымдарына жіберілген. 1927 жылдың қыркүйегінде қол қойылған құжатқа сәйкес оларға берілетін несие шарттары түсіндірілген.
Сол кезде С. Сәдуақасов сонымен қатар Петропавлда орналасқан Ақмола кеңестік партия мектебіне жетекшілік етті. 1925 жылдың соңына қарай бұл мектепте 9 мұғалім және 78 оқушы болды, соның ішінде 40-ы – қазақ.
1927 жылдың наурызында Ақмола губерниялық халық ағарту комитеті төрағасының орынбасары С.Сәдуақасов тағы бір маңызды құжатқа қол қойған.
Күнделікті күйбің тірлік Смағұлды халыққа қалтқысыз қызмет етуге деген құлшынысы неге Голощекиннің салқын көзқарасына тап болды деген сияқты ауыр ойлардан арылтатын. Петропавлда халық ағарту саласында жұмыс істеген адамдар: Жұмағали Тілеулин, Хайретдин Болғанбаев, Жиенғали Тілепбергенов, Сейітбаттал Мұстафин Смағұлды жақсы білетін. Өзінің туған жері Ақмола облысындағы халық ағарту саласы қызметкерлерімен Смағұл бұрын қызметтес болған. 1920 жылдары Смағұл Сәдуақасов бұл қызметке тағайындалғанға дейін Ілияс Темірбеков республиканың халық ағарту комиссары болған, содан кейін ол Қарақалпақстанда және Ақмола губерниялық халық ағарту бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген. 1926 жылғы 30 маусымдағы құжатта Петропавлдағы губерниялық халық ағарту бөлімінің басшысы болған Темірбековтің қолы тұр. Өкінішке қарай, Темірбеков 1927 жылдың қыркүйегінде жастай қайтыс болды. Айықпас дертке шалдыққан оның өміріне, тіпті, Мәскеудің дәрігерлері де араша түсе алмады.
Қайретдин Болғанбаев 1924 жылы Петропавлдағы, 1925 жылы Ақмола губерниялық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болған. Ол Ахмет Байтұрсыновпен, Әлихан Бөкейхановпен, Мұстафа Шоқаймен, Ахмет-Заки Валидимен жақсы таныс еді.
Халықтық білім беру жүйесін дарынды үш басшы: Темірбеков – Болғанбаев – Сәдуақасов басқарған кезеңде Ақмола облысының кадрлары өздерінің кәсіби деңгейін ел астанасында шыңдау мүмкіндігіне ие болды. Атап айтсақ, Ахмет-Уәли Гусманов, Шарипа Ақбердина, Нұрмұхамет Жамшин 1925 жылы Мәскеуде білімдерін толықтырды.
Қайретдин Болғанбаев бірбеткей және аса білімді адам болған. “Алаш” қозғалысының көсемдерімен танысу және саяси эмиграция оның таңдауын өзгертуіне әсер етті: Болғанбаев алдымен сабақ беруге ауысып, кейін Петропавлдан кетіп қалды.
1920-шы жылдары Ақмола губерниялық халық ағарту бөлімінде Ахмет-Уәли Гусманов, Асғат Сейдалин, атақты опера әншісі Ермек Серкебаевтың әкесі Бекмұхамет Серкебаев қызмет атқарған. Бибатыр Ержанов 1921-22 жылдары Петропавлдағы үшжылдық мұсылмандар педкурсының меңгерушісі болды, одан соң Қазбатрақтар мектебін басқарды.
Өзінің досы және пікірлесі Мағжан Жұмабаевтың қалаға оралғаны Смағұлға ерекше қуаныш сыйлады. Петропавлға қайтып келген Мағжан 1927 жылдың қыркүйегінде орыс педтехникумында қазақ тілінің мұғалімі ретінде қызметке кіріскен еді. Бұл туралы құжаттар мұрағатта сақтаулы.
1920 жылдары Петропавлда қызмет істеген мектеп мұғалімдері мен кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері қызметкерлерінің көпшілігі оқытушылық қызметін публицистикамен ұштастырып, газетке мақала жазып тұратын. “Бостандық туы” мен “Мир труда” газеттерінде Бибатыр Ержановтың, Бірмұхамед Айбасовтың, Сабыр Айтқожиннің, Бекмұхамет Серкебаевтың, Кәрібоз Шектібаевтың, Хайретдин Болғанбаевтың, Сейітбаттал Мұстафиннің, Кәрім Сәтбаевтың очерктері жиі жарияланатын. Олардың көбі “Қыран”, “Көз”, “Көрген” сияқты лақап аттармен басылды.
Смағұл Сәдуақасовтың Петропавлдағы араласатын ортасы астанадағы бұрынғы жұмыс орнына қарағанда жылы әрі мейірімді болды. Мұнда ол өзіне қолдау барын сезінді, халық ағарту саласының міндеттері туралы көсіліп жазуға мүмкіндік алды. Соған қарамастан, ол кәсіби міндеттерінің тарлығынан өзін құрсауда жүргендей сезінді. Оның шексіз әлеуеті толық пайдаланылмады. Смағұл “жылы орынға” тоқмейілсіп жүретін көптің бірі емес еді. Ол күреске ұмтылды, жағдайды талдап, әрекет ететін уақыт жетті деген қорытындыға келді.
Халық комиссары қызметінен ол қандай көңіл күймен кеткенін тек аса жақын адамдары ғана білген еді. Смағұлдың Петропавлға келуіне оның Қазақ өлкесінің даму стратегиясына қатысты ұстанымы себеп болды. Бұл туралы ол 1927 жылдың көктемінде, яғни халық комиссары қызметінен кетерінен бір ай бұрын, әйеліне жазған хатында баяндайды:
“Менің мейірімді Лизонькам!
… Мен жаңа ғана мұғалімдер съезінен оралдым. Съезді Байд. (Байділдин – халық ағарту қызметкерлері кәсіподағының төрағасы – ред.) ашты, ал мені “үкімет мүшесі” ретінде “ыңғайсыз” адам деп таныды. Мен оған қарсылық білдірген жоқпын, өйткені, одан пайда жоқ. Дегенмен, съездің маған деген көзқарасына риза болдым. Мен мінберге шыққан кезде барлығы ду қол шапалақтап, бірнеше минут бойы сөз сөйлеуіме мұрша бермеді. Басқа ешкімге (не Гол., не Нұрм.-қа) (Голощекин – өлкекомның жауапты хатшысы, Нұрмақов – Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы) дәл осылай қол шапалақтаған жоқ. Мен моральдық тұрғыдан 100 пайыз қанағаттанып, енді үйде жайбарақат отырмын. Көңіл күйім кеше съезді ашпайтынымды хабарлаған кездегідей емес. Қатты шаршағандығым сезіледі, қазір түнгі сағат 11. Жазатын жайт көп болғанымен, ештеңе жаза алмай отырмын. Мені халық комиссары қызметінен босату шешілген мәселеге ұқсайды. Өзім де осыны күтіп едім. Бір айдан кейін барлығы белгілі болады. Кендрик қалай? (Ұлы Ескендір туралы – Г.М.) Ұлымды жиі-жиі есіме алатын болып жүрмін. Сау бол. Сенің Смағұлың”.
Әйелі Смағұлдың барлық ісінен әрдайым хабардар болатын. Елизавета Әлиханқызы Томск медфагына оқуға түскенімен, Смағұлмен тағдыр қосқан соң тұрғылықты жерін жиі ауыстыруға мәжбүр болды. Томск қаласының мемлекеттік архивінен табылған құжаттар: Е.А.Бөкейханова-Сәдуақасованың Томск университетіне оқуға түскен кезде жазған өтініші, оқу туралы құжаттарды жіберу жайындағы хаттары оның 1903 жылы туғанын да анықтауға мүмкіндік берді.
Лиза әрдайым күйеуінің жанынан табылуға тырысатын. 1925 жылы олардың Ескендір атты ұлы дүниеге келді. Жас ана оқу оқып, жұмыс істегенімен қоймай, ғылыми- зерттеулермен де айналысты. Ол өзіне ғана сенетін, өйткені, анасы ерте қайтыс болған, ал әкесі сол кезде Әлихан Бөкейханов Мәскеуде үйқамақта отырған еді.
Кейін Смағұл Ташкентте Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнын басқарды. Ол кезде медициналық білімі бар адамдар саусақпен санарлық қана еді. Елизавета осында ординатурада оқыды. Бұл деректі Өзбекстан мемлекеттік архивінде сақталған жазба айғақтайды. Ташкенттегі қазақ диаспорасының ақсақалдары осы және басқа да бірқатар құжаттарды Қазақстан зерттеушілеріне ұсынған болатын.
“Большевик” журналында (№1,1928 жыл) Смағұлдың “Ұлттар мен ұлтшылдар” мақаласы жарияланған соң алаңсыз жұмыс істеу мұң болды. Қуғынға ұшыраған халық комиссары бұл мақаласының Голощекинге ұнамайтынын сезген еді. Себебі онда қазақ даласындағы асығыс әрі тиімсіз “индустрияландыру” мәселесі және басқа да көкейкесті тақырыптар көтерілген болатын.
Республиканың бұқаралық ақпарат құралдарында Сәдуақасовты қаралау басталды. Жұмыс іздеген Смағұл республиканың ресми мекемелеріне жүгінуге мәжбүр болды. Өйткені, оған отбасын, мединституттың түлегі Елизаветасын, 2 жасар ұлы Ескендірді асырау керек еді.
1928 жылдың көктемі Смағұл Сәдуақасовтың өмірінде тағдыршешті кезең болды. Қанша әрекеттенсе де, екі қолға бір жұмыс таба алмаған Смағұл Сталиннің қабылдауына баруға бел буады. Мәскеу қаласындағы Ресейдің әлеуметтік-саяси тарих мемлекеттік архивінен табылған құжат – осы сөзімізге дәлел. Партия және кеңес қызметкерлері И.В.Сталинмен жеке әңгімелесуге келген, Сталиннің жеке қабылдауларының арнайы журналы болған. Сонда Казкрайкомның қарамағында жүрген бұрынғы халық комиссары С.Сәдуақасов 1928 жылдың 21 наурыз күні жұмысқа орналасу мәселесі бойынша қабылдауда болғаны жазылған. Оның аты-жөнінің астында КСРО мемлекеттік жоспарлау төрағасы Г.М. Кржижановскийдің аты-жөні көрсетіліпті. Бұл да тектен-тек емес. Ол Ленин аса қадірлеген адамға өзіне қамқоршы болуға өтініш жасауы ғажап емес. Кржижановскиймен Смағұл бұрынғы қызмет бабы бойынша таныс болуы мүмкін.
Сталиннің қабылдауынан бұрынғы халық комиссары қанаттанып шықты. Оған Ташкентте жаңадан ашылған алғашқы қазақ ұлттық университетін басқару ұсынылды. Ол кезде Ташкент ірі мәдени орталық болатын, қалада қазақтар көп еді. Кадр тапшылығы болған жоқ, Смағұлдың көптеген таныстары мұнда дәріс оқыды.
Ташкентке Смағұлмен бірге оның зайыбы Елизавета да келгені жоғарыда айтылды. Ал екі жасар ұлдары Ескендірдің бұл кезде өздерімен бірге болғаны не атасы Әлихан Бөкейхановтың қолында қалғаны белгісіз. Атасы жиенін қатты жақсы көретін және оның тәрбиесіне белсене араласты. Алаш ардақтысының осы жиенін тізесіне отырғызып түскен суреті сақталған.
Смағұл Сәдуақасов Ташкентте ұзақ қызмет еткен жоқ. Голощекин оны қудалауын қоймады. Осылай болатынын алдын ала сезген 28 жасар Смағұл ректордың орынтағына масаттанбай, Мәскеу темір жол институтының күндізгі бөліміне оқуға түседі. Ол кезде техникалық жоғары оқу орындары Г.М.Кржижановскийдің қарамағында еді. Глеб Максимиллианович Смағұлдың асқан білімділігі мен алғырлығын жоғары бағалайтын. Осы кезеңде Смағұл Сәдуақасовтың тағдыры Сталиннің мұқият қадағалауында еді. 1931 жылы Мәскеу темір жол институтының түлектеріне жолдама берген кезде Сталиннің инженер Сәдуақасовты Донбасс-Орталық темір жол құрылысына жібергені кездейсоқ емес. “Қазақстаннан шет жүрсін, тәжірибе жинақтасын” дегені болу керек. Ал Г.М.Кржижановский бұл кезде Волга-Дон су жолы құрылысы комитетінің төрағасы болды. 1931 жылы ол бұл қызметтен қуылды. Смағұл Воронежде Кржижановскийдің қарамағында жұмыс істеген болса, оның тағдыры қалай қалыптасары белгісіз еді.
Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы Смағұл Сәдуақасовтың бұралаңы көп тағдыр жолы осындай. Оның өмірбаяны туралы мәліметтерді жинастыру оңай болған жоқ, Ташкент, Мәскеу, Томск, Петропавл, Алматы және басқа да архивтердің деректерін мұқият салыстырып тексеру қажет болды.
Алаштың ардақты ұлы өмірінің саналы кезеңін Петропавл қаласына, Ақмола губерниясының шекарасын белгілеуден бастап, осы өңірдің білім беру саласын дамытуға арнағаны белгілі. Дейтұрғанмен, осы қалада әлі күнге дейін даңқты ұлдың есімін мәңгі етерлік бір із жоқ. Осы жерде айта кетейік, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Жезқазған және Степняк қалаларында Х.Болғанбаев, К.Шектібаев, С.Мұстафин және Смағұлдың айналасында жүрген, ағарту саласының тарихында жарқын із қалдырған басқа да адамдардың аттарымен аталатын көшелер бар. Сондықтан қоғам санасын рухани жаңғырту Смағұл Сәдуақасов сияқты өңір экономикасын дамытуға, мәдени орта қалыптастыруға, ұлттық кадрларды өсіруге еңбек сіңірген аса дарынды да қажырлы тұлғалардың қызмет қырлары мен өмірбаяндарын таныту мақсатында облыс орталығының бір көшесіне оның аты берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Гүлнәр МҰҚАНОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры.