
Алматы қаласында өткен республикалық “Ақ көгершін” балалар шығармашылығы фестиваль-байқауында өңіріміздің атынан өнер көрсеткен “Тұмар” би ансамблі жүлделі 1 орынды иеленді.
Талай өреннің шығармашылықпен айналысып, көпке танылуына мұрындық болған байқау 2009 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы жолы өнер сайысына еліміздің барлық өңірлерінен 300-ге тарта бала қатысып, хореография, театр, дәстүрлі ән, көркем сөз және тағы басқа салалар бойынша бақ сынаған. Өңіріміздің намысын қорғаған “Тұмар” би ансамблінің құрылғанынан бері көп уақыт өте қоймаса да, кәсіби жас бишілерді шаң қаптырып, қазылардың жоғары ұпайына ие болыпты. Жерлестеріміз қазақ және үнді билерін орындаған. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Ақерке Мұсалимованың айтуынша, аталмыш фестиваль балалардың ой-өрісінің өсуіне де, ел көріп, жер көріп, талантының ұшталуына да септігін тигізді. “Бізбен қатар сайысқа түскен балалар – кілең мықтылар. Көбі халықаралық деңгейдегі жарыстарда топ жарған. Осындай мықтылардың арасында бірінші орын алу – біз үшін үлкен жетістік. Мен осы арада жас бишілеріміздің ата-аналарына ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Олардың жан-жақты қолдауы болмаса, мұндай жеңіс тұғырынан көрінуіміз екіталай еді”, – дейді ол.
Талантты жас ұжым өзінің өнерімен жергілікті концерттерде де өнер көрсетіп, талайдың таңдайын қақтырып жүр. Мың бұралған бишілеріміз ұлттық бимен қатар түрлі ұлт өкілдерінің билерін де тамаша орындап жүр.