Жамбыл ауданының пробация қызметкерлері «Жамбыл ауданының белсенді жастары» үкіметтік емес ұйымы қызметкерлерімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты аясында ағаш өңдеу, дәнекерлеу ісі және кәсіпкерлік негіздері бойынша тренингтер өткізді. Тренингтерге қатысушылар жиһаз жасаумен айналысатын «Берников В. А.» жеке кәсіпкерлігінің дәнекерлеу цехына және ағаш шеберханасына барды.
Аудандық Мәдениет үйінде кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының басшысы Олжас Әбілмәжінов жұмыссыздарға гранттар мен несие алу тәсілдері жайлы айтып берді. Сондай-ақ, Олжас Жамбылұлы темір тордың арғы жағынан босап шыққандар үшін өз бизнесін ашу және қаржыландыру шаралары туралы да баяндады.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Жамбыл аудандық пробация қызметі бөлімінде есепте тұрған сотталған азаматтарды бейімдеу жобасының негізгі міндеттері оларды жұмысқа орналастыру, құқықтық көмек көрсету, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру және кәсіпкерлік дағдыларына үйрету болып табылады. Тренинг барысында әр сала мамандары сотталғандар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген несие алу жолдары, оларды жұмысқа орналастыру және құжаттарын қалпына келтіру туралы түсінік берді.
«Түзелуге жол» жобасы аясында Жамбыл аудандық пробация қызметі бөлімінде есепте тұрған азаматтарға еркіндіктегі өмірге бейімделуге, жұмысқа орналасуға көмек көрсетілді.
Дәулет МУСИН,
Жамбыл аудандық пробация қызметінің аға инспекторы,
әділет подполковнигі