«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗМЕТ АЛУ ЖЕҢІЛДЕЙДІ

Өңірімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істейтін болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. 

Бүгінде облысымызда 27 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, бұл әлеуметтік саладағы кейбір қызмет түрлерінің цифрландырылмауы, сатып алынған жабдықтардың сапасының төмендігі көптеген мәселелерді туындатып отыр.
– Енді әлеуметтік қызметтер порталы мүмкіндігі шектеулі жандардың мемлекеттік қызмет түрлерін ешбір кедергісіз алуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлық фактілеріне тосқауыл қойылады. Өйткені, қызмет алушы мен жеткізуші арасында делдалсыз байланыс орнатылады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтар оңалтудың техникалық құралдарын ерікті түрде таңдай алады, – деді Нұрлан Жахин.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошманов портал қызметі жайлы жан-жақты мағлұмат берді. Енді мүмкіндігі шектеулі тұрғындар арнайы әлеуметтік қызметтерді және санаторлы-курорттық ем шараларын осы жерден таңдай алады. Сондай-ақ, ым-ишара тілінде көмек көрсететін мамандар мен жеке көмекшіні таңдау да жаңа жүйе арқылы жүзеге асырылады.
– Мемлекет тарапынан оңалту қызметтері мен техникалық құралдар құнын өтеу механизмі қарастырылған. Тұтынушы аса қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдау кезінде қаржылай қолдауға ие бола алады. Алдағы уақытта барлық қызмет түрлері портал және мемлекеттік сатып алу арқылы көрсетіледі. Еліміз бұл жүйеге 2021 жылы толық көшетін болады, – деді Алмаз Қошманов.
Сонымен қатар портал арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтар медициналық-әлеуметтік сараптамадан жылына тек бір рет қана өтетін болады. Бұдан соң көмекке мұқтаж жандар порталға кіріп, оңалту түрлерін таңдау құқығына ие. Тауарлар тапсырыс берушінің мекенжайына жеткізіледі. Бұл – уақыт үнемдеуге де зор мүмкіндік.

 

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp