
Сенбі күні таңалагеуімде Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылындағы жанар-жағар май құю стансасына бет тұрған патрульдік полицейлер Ерлан Данкин мен Азамат Букуев тұрғын үйлердің бірі өртеніп жатқанын байқайды. Сол маңайға таяп келгенде жанұшыра көмекке шақырған дауысты естиді.
Қызыл жалынға оранған үйдің ішінде екі әйел мен төрт бала бар еді. Үй иесі – 60 жастағы қария сытырлаған дыбыстан оянған екен. Бірақ бетті шарпыған жалыннан далаға шығу мүмкін емес-тін. Терезені ашқан кезде үйдің қоршауы арқылы секіріп кіріп жатқан полицейлерді көріп, әйелдер 8 айлық және 3 жасар екі сәбиді тәртіп сақшыларының қолдарына ұстатты. Одан соң Азамат Букуев тілсіз жаумен арпалыса жүріп, үйдің ішінде қалып қойған 7 және 17 жасар екі қызды және екі әйелді далаға алып шығуға көмектесті. Содан соң ғана олар өрт сөндірушілер мен “Жедел жәрдем” көлігін шақырды. Дереу келіп жеткен дәрігерлер өрттен және түтіннен ешкім зардап шекпегенін айтқаннан кейін, патрульдік полиция қызметкерлері зардап шегушілерді туыстарының үйлеріне жеткізіп салды.

“Әрине, естерін жиған соң олар бізге алғыстарын жаудыра берді. Алайда біз тек өз міндетімізді ғана атқардық. Ал зардап шегушілерге өз үйінен қуыстай бөлме берген адамдар және таң атпай көмекке келген көрші әйел шын мәнісінде алғысқа лайық. Көрпеге оралған балаларды біз қоршау арқылы көрші әйелдің қолына беріп тұрдық, ал ол бүлдіршіндерді патрульдік көлікке жайғастырды. Осының өзі алтын уақытты үнемдеуге сеп болды. Өйткені дәл сол сәтте біз үшін әр секунд қымбат еді. Әрі сәбилер қыстың суығында тоңып қалуы мүмкін еді”, – деді Ерлан Данкин.
Қазір оқиға орнында Айыртау аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде. Өрт себептері анықталуда.