
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаев ауылында мәдени-сауықтыру орталығы ашылды.
Айтулы шараға қатысқан аудан әкімі Ағзам Тастеміров аталмыш орталықтың ашылуына ұйытқы болған кәсіпкер Игорь Романенконың тынымсыз еңбегін тілге тиек етіп, ауылдың гүлденуіне үлес қосқан азаматқа жақсы ілтипат білдірді. Ауыл тұрғындарын мәдени орталықтың ашылуымен құттықтаған аудан әкімі алдағы жылы елді мекенде көшелерді жарықтандыру мен жөндеуге 7 миллион теңге бөлінетінін айтты.
Өмірінде ерекше орын алатын бес оқиғаға байланысты орталықты «5 элемент» деп атауды жөн көрген кәсіпкердің ата-анасы тың игеру жылдары Ресей мен Украинадан қоныс аударған екен. Сондықтан Қазақстанда тұрақтап, өркен жайған отбасы құшағы кең қазақ халқына дән риза.
Орталықта ән айтып, би билеуден басқа ауыл тұрғындары көңіл көтеріп, еркін әңгіме-дүкен құра алады. Тұрғындардың жайлы өмір сүруін қалайтын азамат ауылда көпбалалы отбасылар саны көбейсе деп армандайды. Ал нысанды жөндеп, қайта іске қосу үшін 30 миллион теңге жұмсаған қайырымды кәсіпкер сегіз адамды жұмыспен қамтығанын айтып өткен жөн.