«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘРІГЕРЛЕР ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Облыстық ауруханада Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қалалары мен Ресейден келген дәрігерлер заманауи әдіс бойынша науқастарға ота жасады. Сондай-ақ, жергілікті хирургтер үшін шеберлік сағаты өтті.

Медицина ғылымдарының докторы, елімізге белгілі дәрігер Серік Тоқпанов бастаған хирургтер бірнеше күн бойы түрлі аурулары бар науқастарға медициналық көмек көрсетті.
– Қазір медициналық технологиялардың арқасында пышақсыз ота жасау мүмкіндігіне ие болдық. Бұл технология біздің елімізде 1991 жылдан бері қолданылады. Негізі мұндай отаны облыстағы хирургтер өздері де жасайды. Бірақ кейбір аурулар бойынша тың әдіс әлі қолданылған жоқ. Сондықтан әріптестерімізбен тәжірибе бөлісу үшін арнайы келдік, – дей келе Серік Имақұлы еліміздегі эндоскопиялық хирургияның білгірі, хирург, профессор Владимир Котлобовский мен И.М.Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медициналық университетінің кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Эдуард Галлямовтің біздің өңірге келіп, дәрігерлер үшін шеберлік сағатын өткізуі үлкен оқиға екенін атап өтті.
Облыстық аурухана базасында сегіз ота жасау жоспарланған. Мұндай оталар телевизиялық оптикалық камераның көмегімен жасалады. Аталмыш құрылғы ағзаны он алты есеге ұлғайта алады. Отадан кейін науқас бірден жүріп-тұра алады. Тіпті, еңбекке араласуға мүмкіндігі бар. Бұрын мұндай ота кезінде 20, тіпті 50 сантиметрге дейін тілік жасалған. Ал денсаулық сақтау саласында жарты ғасырдан астам уақыт еңбек етіп, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы жекеменшік клиникалардың бірінде жұмыс істейтін жерлесіміз Серік Тоқпанов бастаған делегация бұған дейін Уәлиханов ауданында болғанын айтып өткен жөн. Туған өңіріне жиі ат басын бұратын дәрігер аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсетумен қатар, қайырымдылық концертін қойды. Сондықтан науқастардың тән жарасын емдеп, жерлестерін әсем әнмен әлдилеген қолы шипалы дәрігердің бұл алғашқы және соңғы сапары емес. Бұдан кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы хирургтердің басын қосып, шеберлік сағатын ұйымдастыруды жоспарлап отырған білікті мамандар әр өңірден шақыртулар жиі түсетінін жеткізді.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp