
Билік органдарымен арадағы түрлі дау-дамайларда азаматтардың құқы тең емес екені қоғамда жиі айтылып жүр. Әсіресе, жария-құқықтық даулар қаралатын сот өндірістерінде бұл анық байқалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауында “Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет”, – деп атап көрсетті. Осы айтылған міндетті жүзеге асыру үшін Жоғарғы сот пен Әділет министрлігі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасын әзірлеп, Парламент Мәжілісінде таныстырды.
Әкімшілік әділет – бұл әкімшілік істерді қарау және азаматтар, заңды тұлғалар мен мемлекеттік органдар арасындағы әкімшілік-құқықтық дауды шешу тәртібі. Жалпыға түсінікті тілмен айтқанда, мемлекеттік басқарудағы заңдылықтың сақталуы соттық бақылауда көрініс табатын сот қызметінің бір түрі.
Бүгінгі таңда азаматтардың билік органдарымен арадағы даулары азаматтық сот өндірісі тәртібімен қаралып, сот тараптар ұсынған дәлелдерге ғана сүйенеді.
Тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік органдар мен жеке және заңды тұлғалар арасындағы жария-құқықтық дауларға қатысты істердің 70 пайызында алғашқылары жеңіске жетеді. Неге бұлай? Сот осындай дауларды қараған кезде заң бойынша ешкімге бүйрегі бұрмауы тиіс. Азамат пен мемлекеттік орган теңсіздік жағдайда қалып отыр. Егер мемлекеттік органның штаттық заңгері болса, азамат өзінің қарапайым құқығын да білмейді.
Осы себептерге байланысты Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қабылдау және әкімшілік әділет соттарының жаңа жүйесін құру қажеттілігі туындады. Бұл судьялардың белсенділігін арттыратын сот өндірісінің жаңа түрі болмақ. Іс жүзінде екі тараптың күші бірдей болмағандықтан, жобаның мақсаты теңестіру болып табылады.
Қазақстандық құқықтық жүйе үшін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс тың құжат екені сөзсіз. Онда азаматтарды мемлекеттік органдармен теңестіретін жаңа құқықтық құралдар қарастырылатын болады. Жаңа жоба әкімшілік рәсімдер және әкімшілік сот ісін жүргізу бөлімінен тұрады.
Біздің елде заңнама бойынша қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізу қарастырылған. Сонымен қатар әкімшілік істер бойынша сот өндірісі де бар. Енді әкімшілік сот ісін жүргізу енгізілетін болады.
2004 жылы құрылған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар тек әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді ғана қарастырды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер заң бойынша тыйым салынған әрекеттің алдын алуға және жолын кесуге бағытталып, құқық бұзушылықты жасағаны үшін қарастырылған жазалардың ішінен біреуін анықтаса, жария-құқықтық мәндегі істер мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму саласындағы басқару органдарының басқарушылық қызметінен туындайды.
Жоба жария-құқықтық дауларды бөлек сот өндірісі бойынша қарауды көздейді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қолдану үшін жаңа соттар құрылып, олар жария-құқықтық дауларды ғана қарайтын болады.
Ал қолданыстағы Азаматтық процестік кодекстің мемлекеттік органдармен арадағы дауды қарастыратын тарауы жаңа жеке кодекске енгізілді. Мұндай дауларды қарау үшін жаңа әкімшілік мамандандырылған соттар құрылады. Ал әзірге әкімшілік ауданаралық мамандандырылған соттардың базасында қаралатын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда: “Бұдан былай дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы. Аталған дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелетін болады. Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс”, – деген тапсырма берді.
Жоба бойынша әкімшілік процестің азаматтық процестен басты айырмашылығы – судьялардың белсенділігінде және дәлелдеу ауыртпалығы даулы актіні қабылдаған мемлекеттік органға жүктеледі. Азаматтар мен ұйымдар сотқа талап-арыз берсе болды, ал мемлекеттік орган кінәсіздігін өзі дәлелдеуі керек.
Сонымен қоса, мемлекеттік органдар жеке және заңды тұлғаларға қарсы талап-арыз бере алмайды. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс аясында тек жеке және заңды тұлғалар ғана әкімшілік органға талап-арыз түсіруге құқылы.
Сот тараптардың мүмкіндіктерінің теңсіздігін ескеріп, процесс қатысушыларының түсініктемесімен, шағымымен шектелмей, өз бастамасымен істің мән-жайын зерттеу құқығына ие болады. Судья осыны басшылыққа ала отырып, талап-арызда жіберілген формальды қателіктердің түзелуіне жәрдемдесуге, кейбір талаптарды нақтылауға, талап-арызды берудің салдарын түсіндіруге міндетті.
Судья мемлекеттік органдардың шешімін конституциялық қана емес, жаңа кодексте қарастырылатын арнайы қағидаттарға сәйкестігін тексеретін болады. Бұл жаңа қағидаттар жеке тұлғаларды билік органдарының мүмкіндігін асыра пайдалануынан қорғау үшін енгізілмек.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданатын болса, онда мемлекеттік органдар өз жұмысын заң талаптарына сәйкестендіруі керек. Бұл – шенеуніктердің жүріс-тұрысы түзеледі деген сөз. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, жақсы әкімшілік өндірісі бар елдерде тиімді жұмыс істейтін басқарушылық қызметкерлер қатары қалыптасқан.
Ал тиімді әкімшілік әділет жүйесі бар елдерде мемлекеттік аппараттың тәртібі ғана емес, экономикалық ахуалы да жақсарып, инвестиция көлемі артты. Себебі, шетелдік инвесторлар мен отандық кәсіпкерлерге мемлекеттік органдардың шешімінің заңдылығын тексеруде нақты құқықтық негіз қажет. Бұл құқықтық негіздің сақталуын әкімшілік соттар қамтамасыз етуі тиіс.
Осылайша, мемлекеттік органдардың шешімі мен әрекетіне соттық бақылау күшейтіледі. Бұл мемлекеттік органдармен арадағы дауда азаматтардың құқығын қорғауды күшейтіп қана қоймай, мемлекеттік деңгейде басқарушылық шешімдерді қабылдау үдерісінде олардың белсенділігін арттыруға септігін тигізеді.
Гүлзия ЕДІРЕСОВА,
облыстық соттың судьясы.