«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗ

Жастардың ауылда жұмыс істеуге ынталандыруда “Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасының көмегі зор. Осыдан он жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бағдарлама аясында жоғары оқу орнын аяқтаған мамандар елді мекендерге жұмысқа орналасып, көтермеақы мен баспанаға қол жеткізуде. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында да қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтап бара жатқанын айтқан еді. Президент негізгі мәселе ауылдық жерлерде білікті педагогтардың жоқтығында екеніне назар аударып, осы орайда “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының аясын кеңейтудің маңыздылығына тоқталған болатын. Бұл арқылы жастар елді мекендерді көркейтуге де өз үлесін қоса алады. Ал ауылдардың жағдайын жақсарту ұзақмерзімді стратегиялық міндеттердің қатарында қала беретінін атап көрсеткен ел Президенті Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд. теңгеге жеткізуді тапсырды. 

Соңғы бес жылда өңіріміздегі ауыл мектептеріне бір мыңнан астам педагог жұмысқа орналасты. Соның ішінде 850-і – “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының қатысушысы. 441 педагогқа 78 млн. теңгенің көтермеақысы төленіп, баспана сатып алу және салу үшін 278 мұғалімге 1206,2 млн. теңгегенің несиесі ресімделді. 
“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы арқылы ауылға келіп, білім саласының дамуына үлес қосуды мақсат тұтқан жастың бірі – Шал ақын ауданындағы Бірлік негізгі мектебінің информатика және математика пәндерінің мұғалімі Жақсыбай Қабдолқалықов. Осыдан он жыл бұрын облыс орталығындағы Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледжді тамамдаған ол “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасып, бүгінге дейін табысты еңбек етуде. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде сырттай білім алды. Тәлімгер әрбір сабағында тың технологияларды пайдалана отырып, шәкірттерінің шығармашылық дағдыларын қалыптастыруға тырысады. 
Өз қызметін адал атқаруды көздейтін жаңашыл ұстаздың жетістігі де аз емес. Шәкірттері жыл сайынғы аудан, қала, облыс деңгейлерінде ұйымдастырылып жүрген пәндік олимпиадалардан жүлделі оралып, қашықтықтан өтетін республикалық білім додаларында да биіктерден көрініп жүр. Сонымен қатар ақпараттық технологияларды жетік меңгерген оқушысы бірнеше жыл бұрын информатика пәні бойынша өңірлік “Сенімді қолданушы” байқауында үшінші орынды иеленген. 
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы өзім сияқты жастардың жолын ашты. Қазір жоғары білімі қаншама жас қалалық жерде “екі қолға бір күрек” таппай жүр, – дейді Жақсылық Мейрамұлы. 
Ізденуден жалықпаған ол 2016 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өткен сайыс нәтижесінде “Ең үздік сабақ жобасы” аталымы бойынша марапатталған. Сондай-ақ, қашықтықтан өткен республикалық “Қазақстан ұстазы” жобасына жұмысын жіберіп, бірінші орынға лайық деп танылғанын да мақтанышпен айтады. Қажырлы еңбегі, жергілікті білім беру саласын дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін Шал ақын аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталып, 2017 жылы өткен жастар форумында да ерекше марапатқа ие болған. 

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Ж.Қабдолқалықов
сабақ өткізуде.
Суретті түсірген
 Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp