
“Сыныпта бір оқушымның тағдыры қиын болды. Ата-анасынан ерте жетім қалды. Жалғыз ағасы бар еді. Бірде оның да өмірден озғаны жайлы қаралы хабар жетті. Мұны жұдырықтай балаға айту жеңіл тимеді. Суық хабарды естіген бойда тағдыр аямай, қайғының уын ішкен ол сыртқа ұмтылды. Дәлізге шықсам, ботадай боздап тұр екен. Баланы бас салып, бауырыма қыстым”, – деп бастады өткен күндер жайлы әңгімесін Дәметкен Есләмғазиқызы. Сол сәтті еске алу ұстазға да оңай тимеген сыңайлы, оның жанарынан ыстық жас ыршып түсті. Өзінің де жастық шағы қиын кезеңдермен тұспа-тұс келген еді.
Жастайынан өмір тауқыметін көріп өскен оның балалық шағы тәтті болды деп айта алмаймыз. Өткен тарихқа көз жүгіртсек, жаппай ұжымдастыру барысында ауқатты шаруалардың мал-мүлкін тәркілеу 1928 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Осы тұста әкесі Есләмғази де бай баласы ретінде қудалауға ұшырайды. “Шаш ал десе, бас алатын” белсенділер күн көрсетпеген соң ата-анасы қазіргі Есіл ауданындағы Байеңбек дейтін атақонысты тастап, Ресейге қоныс аударуға мәжбүр болды. Олар бала-шағасымен он жылдан астам елден жырақта өмір сүрді. Кемерово, Краснояр, Том, Ачин сияқты бірнеше жерде бас сауғалаған отбасының көрген қиындығын, тартқан азабын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Суық пен аштықта бірнеше жас баладан айырылады. Әкесі елге жете алмай, ауыр науқастан жырақта жүріп өмірден озды. Асыраушысынан айырылған соң олар Қызылжарға бет алды. Он бір құрсақ көтерген анасы Гүлжауһар Көшімбайқызымен елге аман жеткені тек бес бала ғана.
– Анам көп қиындық көрді. Алты бірдей перзентінен, жұбайынан айырылу оңай соққан жоқ. Менен кейін дүниеге келген егіздің сыңарының жолда демі үзілді. Пойыздан түсіріп тастамас үшін сәбиінің жансыз денесін көкірек тұсында қысып ұстап отырыпты. Мұздаған денеден анамның кеудесіне суық тиді. Қандай қиындық көрсе де, ешкімге ауыртпалық артпай, бәрімізді бір өзі бағып-қақты. Біреуден көмек сұрап, қол жайған жоқ. Аман қалған бес қызды өсіріп, оқытып, құтты орындарына қондырды. Ол нағыз батыр ана, – дей келе Дәметкен Айтбаева 1946 жылы Қызылжардағы Калинин атындағы сол кездегі жалғыз қазақ мектеп-интернатының табалдырығын аттап, тың игеру жылдары аяқтаған екен. Көзі ашық, көкірегі ояу бойжеткен Петропавл педагогикалық институтында білім алды. Мамандығы – жаратылыста-нугеография пәндерінің ұстазы.
Ол кезде қолына диплом алған жас маман жолдама бойынша ауылда жұмыс істеуге тиіс болатын. Бірақ ол денсаулығы сыр берген анасын тастап кете алмады. Айтқанынан қайтпаған алғыр қыз бір кездері өзі білім алған мектеп-интернатқа тәрбиеші болып жұмысқа орналасады. Оған қоса география пәнінен сабақ берді.
Ұстаз үшін алғашқы жыл сын мен сынаққа толы болды. Тентекті тезге салып, оқуы нашар балаларды қатарға қосқан тәлімгердің сабырлылығына әлі күнге дейін шәкірттері таңғалады. Ұстаздық жолда ол талай баланы тәрбиелеп, білім дәнін септі. Бүгінде сол балалар – атпалдай азаматтар. Әрқайсысы әр салада табысты еңбек етуде. Алды зейнеткер.
“Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер” дегендей, осы күнге дейін аяулы ұстаз бен шәкірттер арасындағы байланыс үзілген жоқ. Тәлімгер үшін бұдан асқан бақыт бар ма?
Салиқалы сөз, салмақты ой айта білетін ол әріптестері арасында зор абыройға ие болды. Білімді маманға қашанда сұраныс зор. Биліктегілердің шақыруымен Киров аудандық партия комитетіне нұсқаушы, одан кейін облыстық әкімдікте бас маман болып жұмыс істеді. Мемлекеттік қызметте жүрсе де, білім беру саласынан алшақтаған жоқ. Кәсіптік-техникалық колледж, мектептер мен спорт саласына жетекшілік етті.
Әркімнің маңдайына жазылған өз тағдыры бар. Жаратқан иеміз біреуге өзі көтере алмайтын сынақ бермейді. Тағдырдың жазуы шығар, отбасылық өмірдегі бақытты ғұмыры да ұзаққа созылмады. Сүйген жары көз жұмған соң бір жасқа толмаған баласымен жесір қалған келіншек қайта тұрмысқа шыққан жоқ. Оның қуанышы да, жұбанышы да Бақыт болды. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген жалғыз ұл – бүгінгі күні анасына сүйеу.
– Халқымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, балаға тәрбие беруде ананың міндеті зор. Күні бүгінге дейін анамның айтқан ақылын, өсиеті мен даналығын ұмытқан емеспін. Қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жайттар тәрбиеде жіберілген қателіктің салдары деп ойлаймын. Тастанды бала, тасбауыр қоғам қайдан келді? Қыз – ұлттың айнасы, сондықтан арымызға дақ түсірмеу үшін тәрбиені отбасынан бастау керек. Өйткені, тәрбиесіз берген білімнің ешқандай пайдасы жоқ, – дей келе көпті көрген көнекөз жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болу адамгершіліктің асылы екенін айтты. Ар-ожданын бәрінен биік қойған абзал ананың қамқорлығын көрген жан қаншама? Қамқорлық демекші, жоғарыда айтып өткен жетім бала – бүгінде соқпалдай азамат. “Әр істің бір қайыры бар” демекші, қиын кезде бауырына үрпие тығылған баланың өз қолы өз аузына жеткеніне ұстазы да дән риза. Айтпақшы, аналарындай құрмет тұтатын Дәметкен Есләмғалиқызының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында шәкірттері де қуанышына ортақтасты. Өткен күндердің естелігінен сыр шертілген жарқын кездесу жүректерге нұр құйды. Күн сәулесіндей айналасына шуағын шашқан Дәметкен ананың мейіріміне бөленген балалар үшін оның қашанда орны бөлек.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.