
Жаңа жыл қарсаңында Айыртау ауданындағы Арықбалық ауылында 300 орындық дәмхана ашылды. Бұл шараға аудан әкімі Бейбіт Исманов пен аудан тұрғындары қатысты.
Бүгінде Арықбалық ауылы көркейіп келеді. Елді мекенде көшелер жарықтандырылып, қоршаулар тұрғызылды. Балалар алаңдары да пайдалануға берілді. Бірнеше жыл бұрын мұнда дәмхана ашылып, тұрғындардың сұранысына сай қызмет етсе, енді міне, тағы бір қоғамдық тамақтану орны пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарын айтулы қуанышпен құттықтаған аудан әкімі Бейбіт Исманов елдің гүлденуіне үлес қосқан жергілікті кәсіпкер Вячеслав Клудкевичке ризашылығын білдірді. Бұл орайда, тұрғындар ауылдағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартып, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге үнемі қолдау білдіріп отыратын «Арна» фермерлік шаруашылығына алғыс айтып, кәсіпкердің жаңа бастамасына сәттілік тіледі. Жылдар бойы қаңырап бос тұрған ғимаратты жөндеуден өткізіп, қомақты қаржы құйған кәсіпкер дәмхананың ішкі безендірілуіне ерекше назар аударған. Екі залдан тұратын дәмханада он орынға шақталған бір VIP бөлме бар.
– Қоғамдық тамақтану орнын ашу бұрыннан арманым еді. Бірақ бұған батылым жетпейтін. Жоба әбден пісіп-жетілген соң, жоспарды жүзеге асыруда кірістік. Бүгінде жұмыссыз жүрген 10 адам дәмханада еңбек етуде, – дей келе «Азарт» дәмханасының иесі Вячеслав Клудкевич елімізде қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ынтасы бар азаматтарға қолдау ерекше екенін айтып өтті.