«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫЙЛЫҚТЫ АЛҒАН ДА, БЕРГЕН ДЕ ЖАЗАЛАНАДЫ

 

Қызметтік өкілеттіліктерін орындау кезінде мемлекеттік қызметшінің қандай да бір сыйлықты қабылдауы заңға қарама-қайшы. Бір ай бұрын өз жұмысын бастаған “Аntıkor” қызмет көрсету орталығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында осы тақырып әңгіме өзегіне айналды.

 Спикерлер жаңа жыл қарсаңында мемлекеттік қызметшілерге сыйлық алғаны үшін қолданылатын жауапкершілік жайлы ескертті. Мұндай заң бұзушылықтардың алдын алу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталықпен бірлесіп, “Жасырын сатып алушы” тәсілін пайдаланбақ.
– Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтің беделін көтеруге ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік қызметшіге кез келген нысанда сыйлықтар ұсынуға тыйым салынады. Егер сыйлықтың құны 2 АЕК-тен (5 050 теңге) төмен болса, оны берген адамға 200 АЕК (505 000 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынады. Ал сыйлықты қабылдаушы 600 АЕК (1,5 млн. теңгеден астам) айыппұл төлеуге міндеттеледі. Бұл сомадан жоғары бағаланатын сыйлықтар пара деп саналып, қылмыстық жауаптылыққа дейін баруы мүмкін, – деген Нұрлан Жахин биыл орын алған жайтты мысалға келтірді.
Ақбұлақ ауылдық округінің әкімдігінде қызмет ететін маман Шымкент қаласында өткен тойдан “сарқыт” ретінде әкімге 2800 теңге тұратын сусабын, гель, тағы басқа жуынатын заттар жинағын алып келген. Абырой болғанда, әкім мемлекеттік қызметшіге лайықты әрекет жасап, жинақты тиісті органдарға тапсырып, екі тарап та жауапкершіліктен құтылды.
Қызметтік міндеттерін орындау барысында қандай да бір сыйлық алған мемлекеттік қызметші оны жеті жұмыс күнінің ішінде облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне немесе жергілікті атқарушы органдарға тапсыруға міндетті. Департамент басшысы Аман Төрегелдиннің айтуынша, тиісті құжаттар толтырылғаннан кейін мемлекеттік қызметші сыйлықты сатып алып немесе одан бас тарта алады. 2017 жылы департаментке 21700 теңгеге бағаланған үш сыйлық түссе, 2018 жылы мемлекеттік қызметшілер 105200 теңге тұратын бес сыйлықты тапсырған. Ал биыл жоғарыда көрсетілген 2800 теңгенің сыйлығын беру фактісі ғана орын алған.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp