«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫСШЫ ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС

Жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек құқының бұзылуы түрлі дау-дамайларға әкеледі. Оның алдын алу үшін өңір кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы ұжымдық келісімшарттарды жетілдіру қажет. Осы бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен халықтың табысын арттыру жөніндегі ведомствоаралық топтың отырысында жан-жақты қаралды.

Атқарылған істер туралы “Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыс бойынша 6 мыңға жуық ұжымдық келісімшартқа қол қойылған. Бұл – өңір кәсіпорындары басшыларының жұмысшы құқығын қорғап, еңбек қауіпсіздігін сақтап, жағдай жасауға деген оң ниеттерінің айқын көрінісі.
Кәсіподақ ұйымдары әлеуметтік қолдау шараларымен толықтырылған ұжымдық келісімшарттың жаңартылған жобасын әзірлеген. Онда еңбекақыны төлеуге, жұмыс және демалыс уақытын ұйымдастыруға, тәртіптік жауапкершілікке тарту шараларына, әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерге қатысты біршама толықтырулар бар. Кәсіподақ орталығы ұжымдық келісімшарт жобасына жұмысшылардың жағдайын жақсартуға бағытталған 44 тармақ ұсыныпты. Тараптар кәсіпорын келісімшартын әзірлеу кезінде толықтырулар енгізгілері келсе, өз еркі.
Жиын барысында “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “Мұнаймаш” сынды ірі кәсіпорындардағы келісімшарттардың мазмұны мысал ретінде келтіріліп, құжаттардың дұрыс рәсімделуін реттейтін Еңбек кодексінің құқықтық нормалары таныстырылды.
Жиынды қорытындылаған Құмар Ақсақалов облыс жұртшылығының табысын молайтуды мақсат еткен ведомствоаралық топтың жұмысына оң бағасын беріп, ауыл шаруашылығы ұйымдарының ұжымдық келісімшартын құру үшін жұмысшылардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап отырған серіктестіктердің бірінің тәжірибесін негізге ала отырып, талдау жасау туралы ұсыныс білдірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.    

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp