«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕДЕЛ БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫ ҚҰРЫЛДЫ

Петропавл қаласы әкімдігі жанында iKOMEK бірыңғай байланыс-орталығы ашылды. Енді 109 қызметіне хабарласқан қала тұрғындары өз арыз-шағымдарын онлайн жүйесі арқылы бақылай алады. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аталмыш орталыққа барып, оның заманауи үлгіде қызмет көрсететін мүмкіндіктерімен танысып қайтты. 

Қала тұрғындарының коммуналдық шаруашылықтарға қатысты барлық шағымдары осы орталықта қарастырылып, өз шешімін табатын болады. Жаңа қызмет түрінің бір ерекшелігі, енді азаматтарға бұрынғыдай бірнеше  жерге телефон шалып, ұзақ уақыт бойы жауап күтудің қажеті жоқ. Операторлар 109 телефон нөмірі бойынша келіп түскен шағым негізінде жедел жауап дайындап, сұрау салушымен өздері байланысқа шығады. Сондай-ақ, бірыңғай байланыс орталығы мамандарының айтуынша, бұл жерде шағымдарға сараптама жасалып, соның негізінде коммуналдық қызметтер мен өзге де жауапты органдардың жұмыс сапасы бағаланатын болады. Барлық сұрақтар мен шағымдар ортақ тізілімге енгізіледі де кейін олар коммуналдық қызмет орындары мен мемлекеттік органдарға жөнелтіледі. Жаңа қызмет түрі бұрынғыдай шағымның қаралуын ұзаққа созбайды, енді жауапты тұлғалар шағымданушыға белгіленген уақыт ішінде жедел жауап беруі тиіс.

Орталық басшылығы облыс әкімі мен журналистерді 109 телефон нөмірі арқылы ұсынылатын өзге де қызметтер түрлерімен таныстырды. Мәселен, мұнда жүргізілетін арнайы талдау жұмыстары бюджет қаржысын бөлуді сапалы жоспарлауға мүмкіндік береді. Қала әкімдігі келесі жылдан бастап орталықтың кері байланысын әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырмақ. Сонымен бірге алдағы уақытта бұл істі жеделдету мақсатында Телеграмм-бот пен мобильді қосымшасы пайдалануға беріледі.
Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірімізде барлық шұғыл қызметтерді бір арнаға шоғырландыратын 112 бірыңғай қызметінің де арнайы орталығы құрылатын болады.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp