
Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада белсенді жастармен жүздесті.
– “Жастар жылында” ел бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, жас буынға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілді. Әсіресе, кәсіпкерлікпен айналысатын қыз-жігіттер жанашырлықты сезінді. Оларға оқу бойынша көмек беріліп, гранттардың саны да көбейді. Ал келесі жылы еріктілер қозғалысы жандана түседі. Жуырда қала бюджеті бекітілді. Ендігі ретте жастардың ұсыныстарын тыңдауды жөн көрдім, – деді Болат Серікұлы.
Бұдан соң кейінгі толқын өкілдері өздерін толғандырған сауалдарды қойып, жүзеге асырғысы келетін идеяларымен бөлісті. Солардың бірі – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Жанна Бисенованың айтуынша, жыл сайын Білім және ғылым министрлігі студенттерге академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелде оқуға грант бөледі. Биыл жергілікті жоғары оқу орнының студенттері үшін 30-ға жуық грант берілген. Осылайша, қыз-жігіттер Польша, Қытай және Италия елдерінде білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алған. Алайда, байқаудан өткен 8 студент үстіміздегі жылдың бірінші семестрінде белгісіз бір себептермен шетелге бара алмай қалған. Университетте бұл мәселе бойынша оларға ешкім нақты жауап бермепті. Болат Жұмабеков бұл сұрақты бақылауға алып, университет ректорының міндетін атқарушымен сөйлесетіндігін айтты.
Кездесу барысында Петропавлда жастар үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағыдай коммуналдық-жалгерлік тұрғын үйлер салынса деген ұсыныс айтылды. Өз кезегінде Болат Серікұлы бұл үйлер аталмыш қалаларда қанатқақты жоба ретінде тұрғызылып жатқанын тілге тиек етіп, Петропавлда экономикалық белсенді тұрғындар саны аз екенін айтты. Дегенмен, алдағы уақытта жастардың қаламыздан кетуінің алдын алу үшін бұл мәселені шешу жолдары қарастырылады. Мәселен, жұмыс істейтін жастарға тұрғын үй сертификаттары берілуі мүмкін.
Жиында “Еріктілер лигасы” қоғамдық қоры облыстық филиалының жастарына кабинет беру жайы қаралатыны айтылды. Жиын соңында қаланың дамуына және жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан және мұқтаж жандарға көмек қолын созған бір топ жас қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.