«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СИРИЯ СЕРГЕЛДЕҢІ

Соңғы темір есікті имене ашып, ішке кірдік. Ол да сарт етіп жабылды. Адам бойынан асатын биік дуал, айналдыра тікенді сым тартылған. Құс болып ұшпасаң, бұл жерге бір кірген кісінің кері шығуы қиын-ау. Ойға шомып келе жатып, арсылдай ұмтылған тайыншадай овчаркадан жүрегім зірк ете түсті. Абырой болғанда, байлаулы тұр екен, әйтпесе талап тастайтын түрі бар. Бұл – темір тордың арғы беті. Петропавлдағы әйелдер колониясы. Өз заңымен, өз тәртібімен жүреді. Бағынуға міндеттісің.

Көпшілік ішіне кірмек түгіл, жанына жа­қын­дауға жүрексініп, алыстан айналып өту­ге тырысатын түрмеде небір тағдырлар то­ғысқан. Қандықол қылмыскер де, баукеспе ұры да осында. Бірақ солардың бәрі ана құрсағынан бейкүнә күйде тумап па еді? Біреудің мүлкін тартып алуға, екінші біреуді өлімге қиюға не түрткі? Жауап беру қиын. Мысалы, сүйгеніне қосылып, үш бірдей нә­рестені өмірге әкелген Ақмарал Арғынқызы қай жерде шалыс басқанын өзі де аңғармай қалды. Қазір басындағы сол бақыт құсын ұшырып алғанына өкінеді. Өкініштен көкі­регі қарс айырылатын күндер көп. Анасының қайда кеткенінен хабарсыз сәбилерін есіне алса болды қос жанары мөлтілдеп шыға келеді.
Бәріне соқыр сенім кінәлі. Дін деген осы екен деп интернетте жазылғанның бәрін ақи­қатқа балап, имандай сенді. Компьютер мониторының ар жақ бетінде дұрыс жол сілтер жанашыр емес, бағытыңнан тайды­рар жат ағымның адамдары тұрғанынан ол бейхабар еді. Намаз оқымайтындардың бәрін жау көрді. Қойнындағы жары да жатқа айналды. Тіпті, сәждеге бастары тимеген­діктен, өзін өмірге әкелген ата-анасымен де араласудан қалды. Жүрегін жұлып алып, орнына тас салып қойғандай. Ақыры үш баласын тастап, жат елге тайып тұрды.
 – Күйеуіммен тоғыз жыл некеде тұрдым. Дін жолына 2009 жылы түстім. Бастапқыда имамдарды тыңдап, мешітке барып жүрдім. Күйеуім де мені қолдап, намаз оқуды бас­тады. Бәрі жақсы еді. Бірақ интернет арқы­лы уағыздарды тыңдап, тыйым са­лынған кітаптарды оқуға көштім. “Біз адам ойлап тапқан заңдармен емес, шариғат бойынша өмір сүруіміз керек” деген шақырулар түсе бастады. Бұл дін жолы емес, жат идеология екенін қазір түсініп жатырмын. Теріс білім береді деп балаларды мектептен шығарып алғым келді. Ақыры “Алланың заңдарымен” өмір сүру үшін Сирияға аттануға шешім қабылдадым. Қайсыбірін айтайын, оңбай ада­сыппын, – дейді терроризм бабы бо­йынша сотталып, Петропавлда жазасын өтеп жатқан Ақтөбенің тумасы.
Алдын ала келіскеніміздей Ақмарал ба­сынан кешкенін бүкпесіз айтып берді. Таза қазақы ортада өскенімен, ойын орысша жет­кізу оған жеңілірек сияқты. Мұны соң­ғы жылдары интернеттен орысша уағыздарды көп тыңдап, ресейліктермен қарым-қаты­наста болғанынан шығар деп топшыладым. Жалпы күнделікті өмірде көріп жүрген, бірақ көп назар аударыла бермейтін бір жайт бар: исламның салафизм, уахабизм бағыт­тарын ұстанатындардың көбі орысшаға бейім, ал ханафи мазхабымен, яғни мешіт тәртібімен жүретіндер, керісінше, қазақша сөйлейді. Бұл жерде имамдарымыздың қазақша уағыздарын түсінбеген тілі шұбар жастарымыз дінді өз беттерімен интер­нет­тен іздейміз деп адасып жатқан жоқ па де­ген ой да қылаң береді.
Қазақстандағы жылы ұясын тастап, жат елге табаны тиген сәтте-ақ іздеп келген “жұ­мағы” бұл жер емес екенін Ақмаралдың іші сез­ді. Бірақ артқа қарай жол жоқ. Сирия көңілің қаласа барып, кеткің келсе қош­тасып жүре беретін туристік ел емес. Және онда интернетте айтылғандай жұрттың бәрі шариғат заңымен жүрмейтініне көп ұзамай көзі жетті. Әсіресе, әйелді адам қатарына қоспайды. Зат ретінде бір қолдан екінші қолға өтіп жүре береді. Мақаламыздың кейіпкерін де сол тағдыр күтіп тұрды.
– Қазақстаннан 2013 жылы кеттім. Ал­ды­­мен Түркияға бардым. Ол жерде белгісіз біреулер күтіп алып, Сирияға шекара асыр­ды. Шам елінде мені ұлты шешен жігіт қар­сы алды. Күйеуім жоқ екенін білген соң тұр­мысқа шығуды ұсынды, бір әйелі бар екен, тоқалдыққа алмақшы. Амалсыздан келіс­тім. Арада көп уақыт өтпей күйеуім оққа ұшты. Аяғым ауыр күйде жесір қалдым. Сә­би өмірге келген соң тағы бір еркек әйел­дікке алды. Себебі, күйеуі жоқ әйелді адам қатарына қоспайды. Алайда, ол да мерт бол­ды. Одан да бір балам бар. Осындай қиын­дықтарға шыдамаған біздің елден барған үш әйел қашып кеткісі келген. Ұстап әкеліп, “діннен безгендер” деп жұрттың көзінше дарға асты, – дейді Ақмарал.
Ақмарал үшін Сирия сергелдеңі бақан­дай алты жылға ұласты. Осы уақыт ішінде адам төзгісіз қиындықтарды бастан кешті. Тұ­рып жатқан үйлерінің іргесінде бомба жа­рылып жатты. Көше бойы оққа ұшқан адам­дар. Мәйіттерді аттап өтіп бара жатып, кез келген сәтте осылардың қатарына қосы­луы мүмкін екенін ойлаумен жүрді. Бейбіт өмірді аңсады. Балалардың жанында, күйеуінің, ата-енесінің ортасында өткен ба­қытты күндер көз алдына келді. Нағыз жұ­мақтың қайда екенін кеш түсінгендей. Еш­кім күштеп апарған жоқ, ақымақтықпен өзі­нің таңдап алған тағдыры сол болған­дықтан амалсыздан көнді.
Ақмаралдың айтуынша, интернетте ай­тылғанның бәрі жалған. Сирияда ислам діні жоқ, тек сыртқы көрінісі ғана бар. Адамдар сақал қояды, намаз оқиды. Алайда, еш се­бепсіз адам өлтіреді, біреудің мүлкін тар­тып алу олар үшін күнә емес. Сирияда Қа­зақстаннан ғана емес, ТМД елдерінен, Еу­ро­па мен Африка құрлығынан, тіпті, Сауд Арабиясы сынды мұсылман елінен барған­дар да көп екен. Бәрі – алдау мен арбаудың құрбандары.
Өзінің оңбай қателескенін түсінген Ақма­рал балаларын алып қашып кетуге бел буа­ды. Түнделетіп жолға шығады. Ұстап алып, дарға асса қайтемін деген үрей басым. Абы­рой болғанда ешкім аңғармады. Үш ша­қы­рымға созылып жатқан мина толы алқаптан өтіп, Түркиямен шекарадағы күрдтерге де­йін тағы 25 шақырым жүрген. Ақыры бос­қындар лагеріне түседі. Лагерьде Қазақ­стан­дағы туыстарымен байланысқа шыға­ды. Одан әрі қалай болғаны отандық теле­арналардан “Жусан” операциясы туралы бейнефильмдерде талай мәрте көрсетілді. Арнайы қызмет өкілдері отандастары­мыз­ды елге алып келді. Жалпы Қазақстан со­ғыс өрті шарпыған Сирияда жүрген азамат­та­рын алып кеткен алғашқы мемлекет еке­нін айтқанымыз жөн. Ал Еуропаның көпте­ген елдері отандастарынан бас тартты.
Армансыз адам жоқ. Ақмарал бүгінде же­тімдер үйіне тапсырылған екі баласын құ­шуды армандайды. Алғашқы некеден туған үш нәрестесін де көргісі келетінін жасыр­майды. Бірақ екінші рет үйленген бұрынғы күйеуі бұл кездесуге рұқсат бермеуі де мүм­кін. Туған анасымен жолығып, кешірім сұра­сам деген ой да маза берер емес… Оның бас­тан кешкенін ой елегінен қайта өткізіп, қа­теліктен сабақ аламын десе, уақыты жеткілікті. Се­бебі, әлі жазасының өтелмеген жеті жы­лы бар. 

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp