“Nur Otan” партиясының облыстық филиалы өткен жылы атқарған жұмысын қорытындылап, белсенді қызмет атқарған мүшелерін, бастауыш ұйымдары мен қоғамдық қабылдауларды Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапаттады.
Өткен жылы құрылғанына 20 жыл болған бас партия осы уақыт аралығында тұрғындардың әлеуетін көтеруде жүйелі жұмыс атқарды. Десек те, алда одан да жауапты міндеттер күтіп отыр. Бүгінгі таңда билеуші партия Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2050 жылға дейін мемлекетімізді әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосу тапсырмасына орай тиянақты жұмыс істеуі қажет. Осыны тілге тиек еткен “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова былтыр болған Президент сайлауында ауқымды жұмыс атқарылғанын айтып өтті. “Nur Otan” партиясы атынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер ретінде ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алды науқаны барысында өңірімізде 15 қоғамдық штаб жұмыс істеп, 1,5 мың сенімді тұлға, 750 ерікті тартылған.
Өткен бір жылдың ішінде 15 қоғамдық қабылдауға тұрғындар тарапынан 4141 өтініш түсіп, оның 3167-сі тиісті шешімін тапты. Түскен арыз-шағымдардың дені тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, баспана беру, жер бөлу және кәсіпкерлік саласына қатысты болды. “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен оның орынбасарлары 275 жеке қабылдау өткізіп, 580 адамның өтініш-тілегін тыңдап, 147 мәселенің түйіні тарқатылды. Сонымен қатар тақырыптық және көшпелі қабылдаулар да өткізіліп, 96 акция ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда өңірімізде бас партияның 351 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Олар тұрақты түрде жыл сайын республикалық деңгейде өткізілетін үздік бастауыш партия ұйымы байқауына қатысады. Өткен жылы да аталған байқауда жергілікті жерден 85 бастауыш партия ұйымы бақ сынап, оның жиырма екісі екінші кезеңге өтіп, үздіктер қатарынан көрінді.