«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕН ҚҰЛПЫРЫП КЕТЕМІН СЕН ЖЫМИСАҢ

Көрнекті ақын, көзі тірісінде қазақ баспасөзі мен мәдениетінің, төл рәміздеріміз бен ана тіліміздің қалыптасуына, дамуына аянбай тер төккен қоғам қайраткері Ербол Шаймерденовтің есімі халқымызға жақсы таныс. Ақынның өлеңдері бүкіл өмірді, өзінің тағдырын да ойлы оқырманның алдына жайып салады. Жуырда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен қаламгердің әр жылдары жазған өлеңдері топтастырылған “Сағым дәурен” атты кітабы жарық көрді. Назарларыңызға Е.Шаймерденовтің сол туындыға енген, бұрын еш жерде жарияланбаған өлеңдерін ұсынып отырмыз.

    Сағыныш

Ойнайды күліп Алатау желі,
Кеткен-ау деймін дамылға ай.
Отырмын ойлап, қалайша мені
Жүрсің сен, жаным, сағынбай.

Пейілін аппақ ақтарып самал
Сүйеді сонау беткейді.
Келмейсің неге хат болып маған,
Дауысың неге жетпейді?

Жанбаса егер даралау бағым,
Тағдырым күліп ойнасын.
Жүректі сүйген жаралаудағы
Күнә ғой, күнім, ойлашы.

Қанатсыз құс

Қамықпашы, аяулым, ренжіме,
Белгісі емес қайғының – рең жүдеу.
Жақсы ойлар да кей кезде шаршатады,
Шақырғанда шықпаған барша тауың.

Мен өзім де білмеймін неге екенін,
Арманымның көтеріп жел етегін.
Бір биікке тартады қайта-қайта,
Жалықтырған сені де айта-айта.

Өміріме бір сыйды тартар ізгі,
Биыл жасар бір тойым бар тәрізді.
Махаббаттар шығатын алтын тұғыр
Биігіне шақырып, алқынтып жүр.

Көрінсем де біртүрлі көзге жүдеу,
Ойламашы, аяулым, өзгерді деп.
Жақсы ойлар қинап жүр мені бүгін,
Бақыт деген келмейді-ау тегі күліп.

Бақыт деген… білмеймін, бақыт деген,
Ұғым ба екен өлшенер уақытпенен?
Бірақ оның (мен, тіпті, көп естідім),
Бар адамның еншісі еместігін.

Бақытынан көз жазып қалғандардың
Қанатсыз құс тәрізді армандары.
Мен қазір ойлап жүрмін сәтсіздіктер
Басталатын шығар деп әлсіздіктен.

Мойындамай қарсылық көрсетесің,
Бақыт құсы кеудесін келсе тосып.
Содан кейін, адамдар, өкінеміз,
Шыдай алмай қайғының өтіне біз.

Жасап жүріп қателік тағы да жүз,
Әйтеуір біз өткенді сағынамыз.
Егер соны кезінде бағаласақ,
Емес пе едік бақыт жақ жағаға асар.

Міне, осылай сан ойлар сағасында,
Мен жүрмін ғой, аяулым, адасып-ақ.
Қайталағым келмейді арманды әнін
Бақыт құсын ұшырып алғандардың.

Сұлулық сыры

Сүйіктім!
Мен өзіңсіз жарқылдап күле алмаймын,
Жүрегімнің түбіне тұнар қайғым.
Сен жоқ жерде мен мүлдем көңілсізбін,
Қосағынан айырылған сиқырдаймын.

Сен болмасаң шаттығым орта менің,
Деп іздеймін: “Қайда ол ортақ еді?”.
Сен бар жерде қиындық бөгет емес,
Сен жоқ болсаң мен мүмкін қорқар да едім.

Сен болмасаң күйіктен өртеніп мен,
Кетер еді сезімім ерте өліп те.
Сұлулыққа айналам толып кетед,
Қарасаң жанарыңды төңкеріп тек.

Сен жоқ болсаң көңілсіз көктем-дағы
Жүргізе алмас көңілге өктем заңын.
Мен құлпырып кетемін – сен жымисаң,
Нұр төккендей жаңа күн көктен тағы.

Сен жоқ жерде мен үшін бәрі сұрғылт,
Аспаныма төнгендей қара сұр бұлт.
Сен көрінсең – шығыстан күн күлімдеп,
Жататындай таулардың қары сырғып.

Өзің болсаң мен үшін бәрі бүтін,
Бақытты да сен жақтан жүрем күтіп.
Ұмытпашы, жансаям, осыны тек,
Байқаусызда алсам бір ренжітіп.

Іңкәр көңіл

Тыңдашы, жаным!
Киелі сезім толқындары жатқан тоғысып,
Ынтызар көңіл құрбыңның жүрек соғысын.
Қайталайды ғой атыңды сенің сан мәрте,
Өйткені, өзің ғанасың берер қол ұшын.

Тыңдашы, жаным!
Іңкәр көңілден бастауын тапқан сыр селін,
Аз ғана күндік құштарлық емес ол тегін.
Мазасыз сезім билеген еркін бұл құрбың
Үмітпен үлкен бақытына балап жүр сені.

Тыңдашы, жаным!
Ойланып үнсіз, қараса саған тесіліп,
Күтуде ғой ол тағдырының айтар кесімін.
Күттірме ұзақ, сыйлағын ғашық жүректі,
Өміріне оның тұрады жүрегіңнің
адал шешімі.


От леп, жалын іс

Махаббат сұрап та келмейді,
Махаббат жылап та келмейді.
Жүрекке орнаса ол бірақ
Мәңгілік алаудай сөнбейді.

Жазылған тәртібі, заңы жоқ,
Сондықтан жанбайды бағы көп.
Ұялшақ қыз бенен жігіттің
Мазасыз күйінен таны тек.

Махаббат – ынтығу, сағыныш,
Махаббат – от леп, жалын іс.
Өзіңдей сүймесе сүйіктің,
Ес-түссіз табыну, жалыныс.

Емес ол жеңілтек, қызба ду,
Емес ол салмақты сыздану.
Махаббат сүйікті қызыңды
Өзге бар әлемнен қызғану.

Махаббат – іздеу мен алаңдау,
Күш таныр емес ол лаңдау.
Мазасыз сезімнің өтінде,
Махаббат от болып лаулау.

Махаббат – дауыл ол жиырма балл,
Бар күшін жүрекке жинаған.
Ол деген ғаламат құштарлық,
Ұлы өмір бір рет сыйлаған.

Тәтті мұң

Аяулым, қайда жүрсің сен,
Көп болды кеттің көрінбей.
Тәтті мұң деген күрсінсем,
Қалады аз-ақ төгілмей.

Түндерде ұзақ отырам,
Түсіңе енер ме екем деп.
Оранған сезім отына
Сағыныш сазы жетер деп.

Сен болсаң әлі хабарсыз,
Жатырсың жүріп жырақта.
Дегендей мені табарсың,
Көңіліңдегі сансыз сұрақтан.

 

 


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp