
Өңіріміздегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы болып саналатын “Soltústik Qazaqstan” газетінің алғашқы санының оқырман қолына тигеніне бір ғасыр толуы қарсаңындағы мерзімді баспасөзге жазылу науқаны ұжым қызметкерлері үшін іссапарларда өтті деуге болады. Облыстық әкімдікпен келісілген кестеге сәйкес барлық аудан орталықтары мен бірқатар қазақ ауылдарында оқырмандармен кездесулер ұйымдастырылып, ашық әңгіме жүргізілді.
Осындай іссапарлардың соңғысы кестеге сәйкес Айыртау ауданында өтті. “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов бастаған ұжым мүшелерін аудан әкімі Бейбіт Исманов жыл соңындағы қауырт жұмыстарына қарамастан Саумалкөл ауылында қарсы алды. Бейбіт Қайыркешұлы аудан үшін 2019 жыл табысты болғанын тілге тиек етіп, Имантау – Шалқар курорттық аймағын дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Биыл “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында аудан орталығы – Саумалкөл ауылында жалпы сомасы 1 млрд. 740 млн. теңге болатын 19 жоба жүзеге асырылып жатыр екен. Соның нәтижесінде 17 көшеге орта және ағымдағы жөндеу жүргізіліп, білім мекемелері, “Жастар” стадионы қайта жаңғыртылып, дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде.
“Nur Otan” партиясы аудандық филиалының ғимаратында өткен оқырмандармен кездесуді ашқан аудан әкімі Бейбіт Исманов технологиясы дамыған жиырма бірінші ғасырдағы бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орнына тоқталып, газеттің мемлекеттік саясатты жүргізудегі, жас ұрпақты тәрбиелеудегі, ана тілімізді, ұлттық салт-дәстүрімізді сақтаудағы рөліне қысқаша тоқталып өтті.
“Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов абыз басылымның ғасыр ішінде жүріп өткен жолына шолу жасап, руханият саласының өзекті мәселелері хақында ой толғады. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров бастаған Алаш зиялыларының қолтаңбасы қалған басылымның қызметкерлері бүгіндері сол сара жолды жалғастырып, оқырмандарының талабынан шығу үшін еңбек етуде. Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарының халық алдындағы жауапкершілігі зор екендігі белгілі. Газеттің беретін ақпараты, сөзі салмақты да анық, ол нақты деректерге негізделген. Облыс өмірінің айнасы болып саналатын “Soltústik Qazaqstan” газетінің мерейтойы қарсаңында оған жазылып, қолдау көрсетейік деген ұсынысын ортаға салды.
– Тұрғындарға тәрбиелік мәні зор мақалалар ұсынатын облыстық газетке жазылу жерлестерімнің тарапынан қолдау табатынына сенімдімін. Мен бұл газеттің көп жылдан бергі оқырманымын, – деді Володар ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы Гауһар Қыдырбекова. Бұл ұсынысты қолдаған Саумалкөл қазақ орта мектебінің кітапханашысы Айсұлу Нұрбахтинова “Soltústik Qazaqstan” газетіне білім ордасындағы 53 ұстаз түгел жазылғанын жеткізді. “Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты” деп Міржақып Дулатов айтқандай, бұл істе бәріміз де белсенді болуымыз тиіс”, – деді ол.
Карасевка орта мектебінің директоры Әсет Жүсіповтің айтуынша, бұл білім ордасында оқу мен тәрбие қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі екен. Оқырмандар қатары мұнда да қалың. Аталмыш мектептің мәжіліс залына жиналған ауыл тұрғындары мен мұғалімдер әңгімені зейін қоя тыңдады.
– Алдағы жылы ұлттық сананың жаршысы бола білген облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінің жарық көргеніне бір ғасыр толғалы отыр. Мен бұл басылымды көптен бері үзбей оқимын. Абыз газеттің тарихы тереңде. Қазақтың маңдайалды асылдары еңбек еткен қасиетті орын. Сондықтан ұлттық намысы бар әр азамат оны қолдауды өзінің парызы санауы тиіс, – деген ардагер ұстаз Нұржәмила Әлібекова газет мерейтойына арнаған өзінің өлеңін оқып берді.
Ел рухын көтерем деп
сан айлар,
Мағжан ақын сонда
қызмет жасаған.
Жүректері ел деп соққан
талайлар,
Қаламымен өр тарихты
қашаған.
Ұлылардың еңбектері
жалғасып,
Ғасырлық той жадымызда
жаңғырып.
Уақыт, адам жатсадағы
алмасып,
Газетіміз жасай берсін мәңгілік!
Алпыстан астам түтіні бар Құмтөккен ауылындағы кездесуде де оқырмандармен ашық әңгіме өрбіді. Ауыл тұрғындары Өмірзақ Қалықов, Жәнібек Қойбағаров, Жібек Елемесқызы, мектеп директоры Мұрат Әшкеев “Soltústik Qazaqstan” газетіне жазылатындарын айтты. Жалпы алғанда, Айыртау ауданының тұрғындары мерзімді баспасөзге жазылу науқаны барысында көш басынан көрінді. Біз “Soltústik Qazaqstan” газеті оқырмандарының қатары бұл ауданда одан да қалыңдай түседі деген нық сеніммен аттандық.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.