
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі жоспарлы түрде шешілуде. Бұл жұмысқа инвестор тартылып, 306 орындық жатақхананың құрылысы басталды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов нысан салынатын аумақта болды.
Жатақхананың құрылысын “СевХимАгро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізеді. Кәсіпорын құрылтайшысы Денис Бернат қазір нысанның аумағын қоршау және қажетті материалдарды дайындау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Ал жаңа ғимараттың іргетасы биылғы жылдың басында қаланады. Ауа райы қолайсыздық тудырмаса, студенттер бұл жатақханаға қыркүйек айында көшеді деп жоспарланып отыр. Жоба құны – 750 млн. теңге.
Төртқабатты жатақхана секциялық үлгіде салынатындықтан, кәдімгі пәтерге ұқсайтын болады. Яғни, әр секцияда екі жатын, жеке ас бөлмесі, душ кабинасы мен дәретхана бар. Әрбір секцияда 6 студенттен тұрады. Бұдан бөлек, мұнда демалыс және спорт залдары мен асхана болады. Жатақхананың аумағы абаттандырылып, жаттығу жабдықтары орнатылады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтеретін жатақхананың ай сайынғы жалға алу бағасы 17-18 мың теңге аралығында болады деп жоспарланған.
– Бүгіндері жергілікті жоғары оқу орнында 7200 студент білім алып жатса, олардың 1500-іне жатақханадан орын қажет. Биыл студенттердің 67 пайызының мәселесі шешіледі. Бұдан бөлек, біз университет пен колледждерге жатақхана салу үшін 3-4 алаңды анықтап қойдық. Қазір инвесторларды іздеп жатырмыз. Алдағы жылы университеттің оқу-зертханалық корпусының құрылысын бастаймыз. Білім ордасында жергілікті мектеп түлектері мен өзге облыстардан және шетелдерден келген жастар оқиды. Қазір мұнда 11 елдің өкілдері білім алуда. Бұл жұмысты жалғастыруымыз керек, – деді Құмар Іргебайұлы.
Бүгінгі таңда университеттің 1126 орындық үш жатақханасы бар. Бұдан бөлек, соңғы екі жылда қайта жабдықтаудың арқасында тағы 150 орын бөлінген.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.