«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАМУ БАҒЫТЫМЫЗ АЙҚЫН

Облыс орталығынан шалғай орналасқан Уәлиханов ауданында агроөнеркәсіптік кешенді, шағын және орта бизнесті дамыту, индустриалды-иновациялық жобаларды жүзеге асыру, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды орындау, тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар сәтті жалғасын табуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауы даму көкжиегімізді кеңейту мүмкіндігін арттыруда.

Жетекші сала – ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру және экспорт көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар жемісін беруде. Бұл орайда басымдыққа ие дақылдарды көбейту үшін егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары оңтайлы жүргізіліп отырғанын атап айтқым келеді. Танап басында таң атырып, күн батырған диқандар қамбаға 202 мың тонна астық құйды. Бұл орайда “Жолдасбай-Агро”, “Қызылту Нан” және “Қызылту астық” сияқты агроқұрылымдардың майлы дақыл егуде қол жеткізген нәтижесін атап өтуге болады. Озық технологияларды қолдану арқылы диқандар 48,9 мың тонна майлы дақыл жинады. Бұдан бөлек жергілікті агроқұрылымдар 1,7 млрд. теңгеге өнімділігі жоғары 95 техника сатып алды.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың басым бағыттарының бірі – мал шаруашылығы. Ауданымызда ірі қара басын көбейтуге мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған азаматтар аз емес. Өткен жыл басынан бері ауыл шаруашылығы кооперативтері, фермерлік шаруашылықтар “Сыбаға” бағдарламасы аясында 1234 асылтұқымды ірі қара сатып алды. 2020 жылдың қаңтар айының аяғына дейін тағы 45 бас мал әкелінеді. Атап айтқанда, “Пана”, “Ақбота”, “Болашақ-Агро” және “Бақыт” шаруа қожалықтары Еуропа елдерінен 998 асылтұқымды құнажын жеткізді. “Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығы “Аграрлық несие корпорациясы” акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы Австралиядан 825 бас “абердин ангус” тұқымды ірі қара сатып алуға несие алды.
Экономиканың қозғаушы күші саналатын өнеркәсіп саласының дамуына да тоқталып өткенім артық болмас. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2019 жылы 1080 млн. теңгені құрады. Ал тау-кен өндірісінің көлемі 131,8 млн. теңгеге жетті. Бұл салада қиыршықтас өндіретін “ҚызылтуТАС” және “Севказтас” кәсіпорындары, уран өндіретін “Семізбай U” компаниясының жұмысы жемісті. Аудандағы ірі кәсіпорындардың бірі – “Қызылту ұн комбинаты” ЖШС-і былтыр 27,5 млн. теңгенің өнімін шығарды. Уәлиханов ауданының аумағында ас тұзын шығару үшін бірнеше келісімшарт жасалды. Бұл жұмыстарды “Жақсы Тұз Петропавл” серіктестігі жергілікті қазба орындарында жүргізетін болады. Сонымен қатар Қарасу ауылдық округіндегі “Золотая Нива” кен орнында әктас-ақбалшық қоры бар. Ал Қайрат ауылындағы фосфорит-глауконит құмдарының кен орнында барлау жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ.
Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында жол құрылысы ерекше орын алады. Қазіргі уақытта облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың 36 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Өткен жылы “Қулыкөл – Қаратал”, “Өндіріс – Жұмысшы – Мырзағұл” және “Көктерек – Тоспа – Жасқайрат – Қайрат” тасжолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық сметалық құжаттамалар жасалды.
Ауданда “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылуда. 250 млн. теңгенің екі жобасы қолға алынып отыр. Атап айтқанда, “Unite invest” ЖШС-і “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ы арқылы 100 млн. теңгенің несиесін рәсімдеді. Ал ірі қара сатып алуды жоспарлаған “Kaz G-Invest” серіктестігі 150 млн. теңгеге өтініш берді.
Мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсарту мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Өткен жылы ауданымызда 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамту мәселесі толық шешімін тапты. Қазіргі таңда ауданда екі балабақша, 24 жалпы бiлiм беретiн мектеп және сонша шағын орталық бар. 2019-2020 оқу жылында білім жүйесі 2,6 млрд. теңгеге қаржыландырылды. Мектептердің барлығы кеңжолақты интернет жүйесіне қосылған. Облыстың 2018-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына Уәлиханов ауданы бойынша енген Жамбыл, Ақтүйесай және Кішкенекөл орта мектептерінде 135,4 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді.
“Туған жер” бағдарламасы аясында бірқатар жерлесіміз өздері түлеп ұшқан мектептерге 80 млн. теңгенің қаржылай көмегін көрсетті. Атап айтқанда, Көбенсай орта мектебінің түлегі, Алматы қаласындағы “VOVK” жеке клиникасының директоры Виктор Вовктың қолдауымен 12 млн. теңгеге мектеп жанындағы жолға асфальт төселді. Жеке кәсіпкер Саян Мүбәрәк Қулыкөлде өз қаражаты есебінен 10 млн. теңгеге ауылдық емхананың бұрынғы ғимаратын жөндеп, спорттық кешен ашты. Сондай-ақ, Қаратал орта мектебіне 12 парта және музыкалық аппарат алып берді.
Қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан әлеуметтік мәселелер назардан тыс қалмайды. Тұрғындарды әлеуметтік қорғау, жұмыссыздықты азайту, аз қамтылған азаматтардың санын қысқарту жалғасын табады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты жұмыспен қамту басты міндеттердің бірі екенін атап өткен болатын. Өткен жылы 1014 адам екі қолға бір күрек тауып, тұрақты жұмысқа орналасты. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 37 адам несиеге қол жеткізсе, 72 адам қайтарымсыз грант алды. Жағдайы төмен отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған. Ал жұмыс күші көп өңірлерден солтүстікке бағыт алғандарға арнап 26 баспана салынып, қолдау көрсетілді.
Даму бағытымызды айқындаған маңызы зор құжат әрқайсымызға жауапкершілік жүктейді. Еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, болашақ ұрпақтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – біздің ортақ міндетіміз.

Медет ОСПАНОВ,
Уәлиханов  ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp