
Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің басты астықты аймағы. Соңғы жылдары облыс диқандары алқаптарды әртараптандыру мәселесіне көп көңіл бөлуде. Бұған дейін тек дәнді дақылдар өсіріп келген шаруашылықтар нарықта сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіруде де әлеуеті жоғары екенін дәлелдеуде. Бұршақ тұқымдас дақылдардың, соның ішінде сояның маңызын жете түсініп отырған шаруашылықтар да баршылық.
Бүгінгі таңда әлемнің 90 мемлекеті 113 млн. гектар алқапқа соя егеді. Бұл шаруашылықтар жылына 334 млн. тонна өнім жинаса, әр гектардың орташа көрсеткіші 25-30 центнерді құрайды.
Қазақстандағы соя егісінің жалпы көлемі 125 мың гектарды құрайды. Негізінен “Аврора”, “Гибридная-670”, “Волгоградка-1”, “Қазақстандық-200”, “Эврика-357” және тағы басқа сұрыптары аудандастырылған. Алдағы бес жылдың ішінде соя алқаптарын 1,5 млн. гектарға дейін жеткізіп, 3 млн. тонна астық алу жоспарлануда.
Жергілікті нарықты өздерінде өсетін соямен толық қамтамасыз ете алмай отырған қытайлықтар дақылды шетелден импорттауға мәжбүр. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысының сояны қажетті мөлшерде өсіріп, экспорттауға барлық мүмкіндігі бар. Облыс басшылығы өңіріміздегі майлы дақылдар алқабын бір миллион гектарға дейін жеткізді. Ал “Солтүстік соясы” бағдарламасы аясында 20 мың гектарға өңірімізге таңсық соя дақылы сіңірілді. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 5 есе артық. Биыл соя алқаптарының көлемін 150 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Соя – бұршақ тұқымдас бір жылдық дақыл. Құрамында 35-40 пайыз ақуыз, 20-23 пайыз май және 30 пайыз көмірсу бар. Бұл дәнді дақылдардан 1,5-3 есе артық. Сондай-ақ, А, D, C, E дәрумендеріне бай. Атап айтқанда, В дәруменінің мөлшері құрғақ сүтпен салыстырғанда 3, ал В2 дәрумені бидаймен салыстырғанда 6 есе артық. Оның үстіне амин қышқылы көп. Әсіресе, құрамындағы лизиннің арқасында соя жеңіл қорытылатын тағамдардың тізіміне кіреді. Соя ұнынан кондитер тағамдары дайындалады, тазартылған майын тағамға пайдаланады. Бұдан бөлек, ақуызынан жасанды талшық, пластмасса, желім алынса, оның майы сыр, бояу, сабын, маргарин жасауда, тоқыма өнеркәсібінде және медицинада қолданылады. Бір атап өтерлігі, аталмыш бұршақ тұқымдас дақыл мал шаруашылығында құнарлы жемазық ретінде сұранысқа ие. Соядан пішен, жарма, сүрлем, күнжара дайындалады.
“Атамекен-Агро-Тимирязев” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сояны соңғы үш жылдан бері егіп келеді. Бастапқыда 135 гектарға егілсе, биыл оның көлемі 2164 гектарға дейін жетті. Орташа өнімділік 6,9-15,9 центнер аралығында болды. Біз негізінен “Золотистая”, “Билявка” және “Черемшанка” сұрыптарын егеміз. 2020 жылы канадалық “Прогрейн” компаниясының “Аляска”, “Сиберия” және “Максус” сұрыптарын себуді жоспарлап отырмыз. Яғни, ерте пісіп жетілетін, суыққа төзімді бұл сұрыптар Қызылжар өңірі үшін қолайлы.
Соя – жылу сүйгіш өсімдік. Ол басқа бұршақты дақылдарға қарағанда көктемгі бозқырауларға төзімсіз. Әсіресе, көктеу және гүлдену кезеңдерінде жоғары температураны қажетсінеді. Көктеу және бүр жарудың бастапқы кезеңдерінде топырақтағы ылғалдың жетіспеуі, оның одан әрі өсіп-жетілуіне кері әсерін тигізеді. Қарашірігі мол жерде жақсы, ал сор, батпақты топырақтарда нашар өседі. Ылғал сүйгіш өсімдікті 4-5 сантиметр тереңдікке себу керек. Өңір диқандарының бірқатары осы тұста қателік жасайды. Соя егілген топырақтың ылғалдылығы 65-80 пайызды құрауы тиіс.
Алқапты 2-3, тіпті, 4-5 жыл сайын ауыстырып отырған жағдайда ғана дақыл мол өнім береді. Бір атап өтерлігі, оны дәнді дақылдар, жемазық және көпжылдық шөп өсірілген алқаптарға еккен дұрыс. Осылайша, топырақтың құнарлылығын арттыруға болады. Негізінен фосфор мен калийге бай тыңайтқыштарды қолдану қажет. Осыған байланысты топырақтағы қоректік элементтердің мөлшеріне, құнарлылығы мен құрылымына қатты көңіл бөлген жөн.
Қозыгелді ЗИЯЕВ,
“Атамекен-Агро-Тимирязев” ЖШС-нің бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.