«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫРЫС – ЫНТЫМАҚТА

Халық арасында “Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады” деген нақыл бар. Қазақстан ырысы мен ынтымағы, бірлігі мен тірлігі жарасқан мемлекет болып орнықты. Жүздеген ұлыстың жылы ұясына айналған елімізде ішкі тұрақтылықты сақтауға Қазақстан халқы Ассамблеясының қосып отырған үлесі зор. Биыл бірлік пен қоғамдық келісімді қалыптастырудың өзегі болып табылатын бірегей институттың құрылғанына жиырма бес жыл толады.

Өңірімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының қарамағына кіретін 379 шығармашылық үйірме, клуб, демалыс орталығы жұмыс істейді. Этномәдени орталықтар ауқымды жобаларды жүзеге асырып, төрт құбыласы тең, қазығы берік, мамыражай тіршілігі бар мемлекет құру ісіне елеулі үлес қосуда. Халық пен мемлекеттік органдардың арасындағы байланысты орната білген Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысы орасан. Өткен жылы жүйелі түрде жұмыс істеп жатқан 129 кеңес 764 шара өткізіп, үш жүзге жуық түйінді мәселені қарастырды.
Өңірімізде 47 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Жыл бойы екі жүзден астам шара өткізген кеңес көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жанашырлық танытуда. Былтырғы жылдың маусым айында Аналар кеңесінің араласуымен екі отбасыға пәтер кілті табыс етілсе, қос бүлдіршінді жалғыз өзі тәрбиелеп отырған анаға жер үй сатып әперілді.
Медиация институты көптеген дамыған мемлекеттердің құқықтық тәжірибесіне енген. Қазақ қоғамында бұл институттың дамуына серпін берген заңдардың қабылдануы халық санасында ертеден қалыптасқан дауды ынтымақтастық аясында шешу дәстүрін жаңғыртты. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының жанында 14 медиация кабинеті жұмыс істейді. Медиаторлар тізімінде 323 кәсіби емес медиатор тіркелсе, оның 25-і Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының атынан жұмыс істейді. Бұл медиаторлар бір жыл ішінде 318 адамға ақыл-кеңес беріп, 59 медиаторлық келісімге қол қойылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясына қайырымдылық қызметтің үйлестірушісі жауапкершілігі жүктелді. Өңірімізде 400-ден астам қайырымдылық шарасы өткізіліп, 98 822 867 теңгенің көмегі көрсетілді. 20 мыңнан астам адам қайырымды жандардың қамқорлығын сезінді.
Соңғы жылдары ассамблея жастардың әлеуметтік, инновациялық жобаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетуде. Өткен жылы қоғамдық институттың қолдауымен облыс орталығында елімізде бұрын-соңды болмаған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектеп ашылды. Бұл жобаның қоғамға қажет екенін уақыттың өзі көрсетіп, 17 мүмкіндігі шектеулі жан көлік жүргізу құқығына ие болды. Жобаның авторы Сәлімхан Сәбитов “2019 жылдың ең үздік әлеуметтік жобасы” республикалық байқауында үшінші орын алды.
Бірегей қоғамдық институт жұмысының маңызды бағыттарының бірі – өзге этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету. Осы мақсатта жыл сайын “Мың бала” мәдени-ағартушылық жобасы жүзеге асырылады. Өткен жылы шешендік өнерді дәріптейтін “Асыл сөз мектебі”, мемлекеттік тілді үйретудегі үздік әдістемелік құрал жөніндегі “Тіл мектебі” сайысы, балалар мен жастар арасында қазақ тілін насихаттау мақсатында әлеуметтік желілерде “Ózіm týraly” акциясы ұйымдастырылып, эссе жазу бойынша “Sende bіr kіrpіsh dúnıege…” шығармашылық байқауы өткізілді. Жалпы былтыр мыңнан астам шара ұйымдастырылып, 258 адам қазақ тілін меңгерді.
Әлеуметтік желі арқылы жастар арасында өткізілген “Ózіm týraly” акциясы қоғам тарапынан кеңінен қолдау тапты. Бұл акцияның талабы бойынша жастар әлеуметтік желілерге латын әліпбиін пайдалана отыра қазақ тілінде жазба жариялауы керек. Екі кезеңнен тұратын акция барысында 104 жазба жарияланып, алты жас жеңімпаз атанды.
Бірліктің тұтқасы бола білген бірегей институттың маңызды құрылымдарының бірі – оқу орындарындағы “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасы. Бұл кафедраның атқарып жатқан қызметі қоғам тарапынан оң бағаға ие болды. Ай сайын әр этностың мәдениет күндері ұйымдастырылуда. Бұл шаралар легі Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойы аясында өткізілуде.
Ширек ғасыр уақыт ішінде ауызбіршілік бар жерде ауқымды идеялар жүзеге асатынын, ынтымағы бар елге ғана ырыс қонатынын түсіндік. Осы бағытта атқарып жатқан жұмысымыз елеусіз қалған емес. Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының “Бiрлiк” алтын медалiмен марапатталдым. Ұлттық мәселелерді бір-бірімізді сыйлау, құрметтеу, дәстүрі мен тарихын, тілі мен ділін қастерлеу арқылы шешуге болатынын ұққан біздің қоғам әлем елдеріне үлгі көрсетуде.

Саип БАЙДУЕВ,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары, “Вайнах” шешен қауымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp