“Қызылжар” орталық мешіті жанындағы әжелер мектебінің мүшелері Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде “Аталар сөзі – өсиет” тақырыбында “дөңгелек үстел” отырысын өткізді.
Жиын барысында ақ жаулықты әжелер ұлттық салт-дәстүрді дәріптеудің маңыздылығын сөз етіп, жастарға ақын-жазушылар мен ұлт көсемдерінің адамгершілік, имандылық тақырыптарындағы туындылары негізінде өсиеттерін жеткізді. Әжелер мектебінің төрайымы Сапура қажы Балтабаева жас ұрпақты кішіпейіл, шыншыл болуға шақырды. “Бүгінгі ұрпақты қалай тәрбиелеудеміз деген сұрақ елінің болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматты толғандыратыны хақ. Жаһандану заманында біз кейінгі буынды өз бабаларымыздың асыл мұрасы, ұлттық діл, дін, тіл негізінде тәрбиелеуіміз керек. Балабақшадан бастап мектепте, жоғары оқу орындарында және өзге де мекемелерде патриоттық тәрбие беру мәселесін назарда ұстаған жөн”, – деді қария. Колледждің ұстаздары бұл мәселелер тұрғысында оқу орнында қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын баяндады. Бүгінде білім ордасында студенттерге ұлттық патриоттық тәрбие беру бағытында клуб пен үйірмелер жұмыс істейді.
Жастар өз кезегінде “Отан отбасынан басталады”, “Ел болам десең, бесігіңді түзе”, “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген тақырыптарда өз ойларын ортаға салды. Жанна Таран мен Аружан Әбен Бауыржан Момышұлының шығармалары негізінде баяндама жасап, замандастарын өз тілі мен мәдениетін, ұлтын құрметтеуге шақырды. Өзге студенттер жазушының: “Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын”, – деген пікірі төңірегінде өзара пікір алмасты.
Ырысжамал ӘЛЕНОВА,
“Қызылжар” орталық мешіті жанындағы әжелер мектебінің мүшесі.