
Тарих қойнауына енген 2019 жыл өзінің жеңісті сәттерімен есте қалды. Өңір спортында елеулі жетістіктер, толайым табыстар аз болған жоқ. Бабы мен бағы келіскендер үздіктер қатарынан көрінуге тырыса білді. “Soltústik Qazaqstan” газеті спортшыларымыздың доңыз жылында жеткен жетістіктерін саралап, үздіктерді анықтады.
Футбол. Петропавлдық “Қызылжар” футбол клубы бір жылдық үзілістен кейін Премьер лигаға қайта оралды. Бұған дейін солтүстікқазақстандық жанкүйерлер жергілікті команданың Бірінші лига шеңберінен әрі аса алмай жүргеніне қынжылатын. Өткен жылғы маусымда петропавлдықтар жанкүйерлердің көңілінен шықты. Маусымда 26 ойын өткізіп, оның 17-сінде жеңіске жетті. 7 матчты тең нәтижемен аяқтаса, тек екі кездесуде жеңіліс тапты. Сөйтіп, қоржынға 58 ұпай салған жерлестеріміз бірінші лигада топ жарып, жоғары лигаға жолдама алды. Команданы жаттықтырған Әли Әлиев “Үздік бапкер” атанды.
Қазақ күресі. 2018 жылы құрылған “Қызылжар арландары” спорт клубы аз уақыттың ішінде толағай жетістіктерге қол жеткізіп, өңірімізде төл спорттың дамуына серпін берді. Былтыр клуб өкілдері Қазақстан Республикасының кубогында (2 алтын, 1 қола медаль), Петропавл қаласында кәсіби спорт клубтары арасында өткен чемпионатта (ІІІ орын), Қ.Мұңайтпасов атындағы халықаралық турнирде (1 алтын, 2 қола), Ақтөбе қаласында ұлттық спорт түрлерінен өткен республикалық V фестивальда (2 алтын, 1 күміс), Қызылорда қаласында өткен ел чемпионатында (1 алтын, 2 қола) және тағы басқа республикалық сайыстарда сәтті өнер көрсетті.⠀Сондай-ақ, Алматы қаласында спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы кубогының ақтық кезеңінде тарихи жеңіске қол жеткізіп, 10 млн. теңгенің сертификатына ие болды.
Велоспорт. Қазақстан велоспорт федерациясы Қызылжар өңірін 18-ші жыл қатарынан “Үздік облыс” аталымына лайық деп таныды. Соңғы жылдары өңірде велоспорттың дамуына Петропавлдағы олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы елеулі үлес қосуда. Мектептегі біліктілігі жоғары мамандар бүгінге дейін 20-дан астам Қазақстанның спорт шеберін, бес халықаралық дәрежедегі спорт шеберін және бір еңбек сіңірген спорт шеберін тәрбиеледі. Спортсүйер қауымға есімдері белгілі Алексей Луценко, Руслан Тілеубаев, Вадим Галеев, Артем Захаров, Жандос Бижігітов және Александр Шушемоин Олимпиада чемпионы Александр Винокуров басқаратын “Astana” велоклубының сапында толағай жетістіктерге қол жеткізуде.
Бүгінде мектептің 22 түлегі ұлттық құраманың сапында өнер көрсетуде. Бағындырар биігі мол жастардың қатары тағы он спортшымен толықты. Мектептің велошабандоздары әлемдік сайыстарға қатысып, жүлделі оралды. Атап айтқанда, команда өкілдері Малайзияда өткен “Тур Лангкави” велокөпкүндігі, “Тour of Peninsular” сайысында, “Сербия турында”, Украинадағы “ГранПри Одессы” жарысында, “Тур де Рибас” және “Алматы туры” және “Иран турында” сәтті өнер көрсетті.
Еркін күрес. Солтүстікқазақстандық еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов – өткен жылдың үздігі. Жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуантып жүрген солтүстікқазақстандық спортшы облыс тарихында алғаш рет еркін күрестен Азия біріншілігінде алтын медаль иеленсе, елордада өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанды. Жалпы елорда төріндегі әлемдік додада ел намысын қорғаған балуандар жерге қаратқан жоқ. 65 килограмм салмақ дәрежесінде құрама капитаны Дәулет Ниязбеков күміс медальға ие болды. 57 килограмм салмақта Нұрислам Санаев қолаға қол жеткізді. Ал петропавлдық өрен 70 килограмм салмақта Австралия, Ұлыбритания және Иран елдерінің өкілдерін жарыс жолынан шығарды. Ақтық кезеңде ресейлік балуанға жол берді. 2020 жылы өтетін Токио Олимпиадасында өнер көрсетуді алдына мақсат қойған жерлесіміз қазан айында Қытайдың Синьян қаласында әскерилер арасындағы әлем біріншілігінде де күміс жүлдегер атанды.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.