
Бизнес саласын игерген әйел адамға үкімет пен қоғам тарапынан қолдау зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында Үкімет пен жергілікті билік органдарына кәсіп игеремін дегендерге барынша жағдай жасауды тапсырғаны мәлім. Бүгінде бұл міндетті жүзеге асыру бойынша іс-шаралар қолға алынып, кәсібін дөңгелеткен қыз-келіншектер қатары қалыңдауда.
Мал өсіруді көбіне ер-азаматқа тән кәсіп ретінде қабылдаймыз. Бірақ өңірімізде бұл жұмысты ұршықша иіріп отырған қыз-келіншектер аз емес. Солардың бірі – Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылының тұрғыны Маржан Валеева. 2013 жылы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударып, шаруашылықпен айналысуды жөн санапты. Алдымен нәзік жан “Бастау” жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курсынан өтіп, кәсіп ашу үшін пайызы төмен, яғни, 6 пайызбен несие алған. Мемлекеттің жәрдемі қолға тиген соң 1 млн. 800 мың теңгеге 10 сиыр алып, мал шаруашылығына бет бұрады. “Ойлана келе, мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті тиімді пайдалану барысын қарастырдық. Мал – баққанға бітеді. Қазақ халқы қашан да мал бағып, сол бейнеттен береке тапқан. Бүгінге дейін күнкөрістің қамына айналған атакәсіппен шұғылданғандардың ырысы мол. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысқанды жөн санадық”, – дейді жеке кәсіпкер.
Маржан Абайқызы жоғары оқу орнында журналистика мамандығы бойынша білім алған. Бірақ төрт түлік өсіру бала күнгі арманы екен. 2014 жылы қосымша жеңілдетілген несие алып, шаруашылығын кеңейте түскен. Бүгінде серіктестік есебінде 60 ірі қара бар. Оның ішінде бұзаулайтын сиырдың саны 30-ға жетеді. Былтырғы жылы баптап-күткен 10 басты етке өткізіп, табысқа кенелген. Кәсіпкер қазір қой өсіруді қолға алып, одан да айтарлықтай пайда тауып отыр. “Малды өсіріп қана емес, оның өнімін ұқсата білу қажет. Бұдан екі жыл бұрын ет қабылдайтын сауда орындарымен келісімге келіп, өнімімізді тиімді бағамен өткізе бастадық”, – деген Маржан Валеева бұл кәсібінен түскен қаржыға аудан орталығынан қоғамдық монша мен автокөлік жуу орнын да ашқан.
Бүгінде Пресновка ауылының 50-ден астам тұрғыны “Валеева” ЖШС-інде тұрақты жұмыспен қамтылған. “Шаруашылық ашылғалы аудан орталығында жұмыссыз жүрген кейбір азаматтар екі қолға бір күрек тауып, табысқа кенелді. Осыған дейін талай серіктестікте еңбек еттім. Бірақ жалақым мардымсыз болды. Маржан Абайқызының шаруашылығына жұмысқа тұрғаннан бері айлығымызды уақтылы алып, отбасымыздың күнкөрісі айтарлықтай түзелді”, – дейді шаруашылық қызметкері Олжабек Тұрсынов. Табысқа кенелген отбасы жуырда құрылыс саласын да қолға алып, бизнесін кеңейте түсті. Яғни, “Солтүстіктен – оңтүстікке” бағдарламасы бойынша қоныс аударғандарға арнап өңір аудандарында 17 баспана салып берді. Тұрғын үйлер мемлекеттік тапсырыс бойынша тұрғызылған.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: М.ВАЛЕЕВА.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.