«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨСИЕТ АЙТАР ҮЛКЕНДЕР ҚАЙДА?

Мен 1938 жылы дүние есігін ашыппын. Балалық шағым қылышы­нан қан тамған қилы заманның қасіретімен тұспа-тұс келді. Қуғын-сүргіннен кейін сұрапыл соғыс басталды. Ол кезде ата-анам бала-шағасымен Қызылжарға қоныс аударған екен. Көптің бірі ретінде менің де әкем Байділда соғысқа аттанды. Ел үшін жаумен шайқасқа түскен ол 1943 жылы Бе­ларусь майданында қаза тапты. Сол кезде Петропавл қаласында жалғыз қазақ мектеп-интернаты болатын. Жанында госпиталь бар еді. Анам сол госпитальда жұмыс істеді. Жұбайы қайтпас сапарға аттанған соң барлық жауапкерші­лік анам Балжамалға жүктелді. Бауырларыммен ауыр тұрмысты бастан кешсек те, анамыз бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Көштен қалмай еңбек етті. Бізді өсіріп, өндірді. Ешкімнен кем қылған жоқ. Кейін әкемнің ағасы қамқорлық көрсетті.

Анам бізді тазалыққа, ұқыптылыққа, адалдық пен еңбекқорлыққа үйретті. Бастысы, қазақ қызының бойынан табылуы тиіс қасиет – сыпайылық пен инабаттылыққа тәрбиеледі. Көркем мінез ең құнды қасиет екенін айтып отырушы еді. Ата-ананы қадірлеуді, үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетуді санамызға сіңірді. Сол өсиетті құлағымызға құйып өскендіктен, өзіміздің балаларымыздың санасына да соны сіңіруге тырыстық. Анам арабша хат танитын. Сондықтан біздің де білімді болғанымызды қалады. Қызылжардағы Калинин атындағы қазақ мектеп-интернатында білім алып, 17 жасымда баспаханаға жұмысқа орналастым. Ленинградта жарты жыл біліктілік курсынан өтіп, он жыл бойы линотип бастым. Кейін әртүрлі еңбек ұжымдарында жұмыс істедім.
Қазір Құдайға шүкір, кеңшілік заман. Ерінбей еңбек етіп, барлық арман-мақсатыңды жүзеге асыруға ешқандай кедергі жоқ. Бірақ неге кейбір адамдардың үкіметке ғана қол жайып отыратынын түсінбеймін. Бұрын таршылық пен жоқшылықты көрсе де, аналарымыз балаларын ержеткізу үшін біреуден көмек сұрап, есігін қаққан емес. Қазір бәрі бар. Ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда. Бірақ қоғамның пиғылы өзгерген сыңайлы. Соған күйінемін. Қазақта “жалқаулық деген жақсы екен, жатып ішер ас болса” деген мақал бар. Оңай олжаға қарық болып, жатып ішер асты армандайтын жалқаулар арамызда аз емес. Мұның бәрі отбасында жіберілген қателік деп ойлаймын. Қа­зір рухани байлықтан материалды құндылықты биік қоятындар бар. Қаланы айтпағанда, ауылдағы көрші-қолаң, ағайын-туыс бір-бі­рінің үйіне кірмейді. Тасбауыр қоғамда тастанды бала көп. Ескілікті аңсап отырған жоқпын, бірақ бұрын бір емес бірнеше құрсақ көтеріп, киерге киім, ішерге тамақ таппаса да, ана баласын ешқашан тастап кетпейтұғын. Сондықтан қоғамда орын алған мұндай жағдайға за­ман емес, адам кінәлі. Ұлдың жасық, қыздың пасық болуы ата-анаға байланысты. Өйткені, бала үлкендерге еліктеп өседі.
Жолдасым екеуіміз үш баланы өсіріп, ержеткіздік. Сұраған Мырзахметұлымен бір шаңырақ астында алпыс жыл тату-тәтті өмір сүріп, баянды ғұмыр кешудеміз. Осындай бақытты ғұмыр бізге оңайлықпен келген жоқ. Өмірдің ащысы мен тұщысын, қызығы мен қиындығын бірдей көрдік. Ортан­шы ұлымыздан көз жазып қалғанда, біз бір-бірімізге сүйеу, тіреу бол­дық. Ал қазір үйленбей жатып ажырасып кетіп жатқан кейбір жастарды көргенде көңіл құлазиды. Әңгімесі таусылған жұбайлардың тағдыры ертеңгі күні балалардың өміріне әсер етпей қоймайды. Сондықтан әрбір ата-ана баласына отбасында дұрыс тәрбие беруге тырысуы керек. 

Бәтима КӨПЕЕВА,
зейнеткер. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp