
Айнұр бүгін тағы да көз ілмей шықты. Қызының денсаулығына алаңдаған ананың көңілін қорқыныш билей бастады. “Енді не болар екен?” деген сауалға жауап іздеп, қалың ойдың құшағына енген келіншек өзінің қателігін кеш түсінгендей. Перзент бақытын көп күткен ерлі-зайыпты баланы жұрт көзіне көрсеткен жоқ. Тіпті, бір жасқа дейін балаға қойылуы тиіс екпелерден де бас тартты. Өйткені, екпенің пайдасынан гөрі зияны басым екеніне сенген ана бұл қылығы үшін енді бармағын тістеп отыр. Үш жастан асқан сәбиі жиі сырқаттанады. Нәрестенің қорғаныш қабілеті әлсіз. Өйткені, бірде-бір екпе қойылмаған. Соның кесірінен дәрігерлер бала неше түрлі қауіпті ауру түрлерін жұқтырып алуы мүмкін екенін ескерткен.
Ауру демекші, ақ халаттылар қазір екпе алмаған балалар арасында жұқпалы аурулар көбейгеніне алаңдаулы. Мәселен, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандарының айтуынша, былтыр 36 адам көкжөтел ауруына шалдыққан. Сырқаттанушылардың дені – бір жасқа толмаған сәбилер.
– Ауру жұқтырған он бес баланың ата-анасы екпе қойдырудан бас тартса, денсаулығына байланысты он сегіз балаға вакцина қойылмады. Дәрігерлер сырқатты полимеразды тізбекті реакция әдісі бойынша анықтады. Барлық науқас көпбейінді қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем қабылдады, – дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Күлпәш Темірболатқызы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, өткен жылдармен салыстырғанда былтыр өңірде көкжөтел ауруына шалдығушылардың саны үш есе артқан. Басқарма басшысы ғаламтордағы жалған ақпаратты желеу еткен кейбір ата-аналардың балаларына екпе қойдырудан бас тарту себебінен осындай жағдай орын алғанын атап өтті.
Бұл мәселе бүгінгі күні қоғамда қызу талқылануда. Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман да әлеуметтік желіде осы мәселеге қатысты өз ойын білдірді. “Қазір Парламент Мәжілісінде қолданыстағы денсаулық сақтау заңнамасына түзетулер енгізу мәселесі қызу талқылану үстінде. Депутаттардың “қызылшеке болып” айтысып-тартысуына арқау болған маңызды тақырыптардың бірі – вакциналауды міндеттеу туралы ұсыныс. Себебі, Денсаулық сақтау министрлігі басшыларының мәлімдеуінше, бір жыл ішінде 13,5 мың адам қызылша дертіне шалдығып, осы ауруға қарсы екпе жасалмаған 21 бала шетінеп кеткен. Қазақстан осындай жұқпалы дерттерге қарсы вакциналарды бюджет қаржысына сатып алып, тегін егуді қамтамасыз етіп отырған санаулы мемлекеттің бірі. Кедей елдер оларға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көмегімен әрең қол жеткізуде. Мысал үшін, Африка құрлығындағы кейбір елдерде мыңдаған сәби қызылшадан көз жұмуда. Белгілі себептермен вакциналау жұмысын босаңсытып алған Украинада да балалардың қызылшадан шетінеуі көбейе түскен. Біз, қазақтар, өткен ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдары қызылша дерті халқымызға жаудай тигенін жадымыздан шығармауымыз қажет”, – дейді халық қалаулысы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бір жылда әлемде 140 мың адам қызылшадан қайтыс болған. Қазір облысымызда 21 сырқат түрі бойынша тұрғындарға екпе қойылуда. 20-29 жас аралығындағы адамдардың 95 пайызы вакцинамен қамтамасыз етілген.
– Қазір тұрғындарға екпе егу науқаны қарқынды жүруде. Әзірге көрсеткіш жаман емес. Вакцина қойдырудан бас тартып жатқандар да бар. Өткен жылы барлық ауру түрлері бойынша 276 адам екпе қойдырмаған. Соның ішінде 1 жасқа толмаған балалардың үлесі 40 пайызды құрайды. Ата-аналар ең алдымен өздерінің балаларының өміріне қауіп төндіріп отырғанын естен шығармағаны жөн, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Мамандардың айтуынша, өңірде вакцина тапшылығы жоқ. Жалпы, өткен жылы тұрғындардың 90 пайызы екпемен қамтамасыз етілген. Көбі қызылша мен қызамық ауруларына қарсы екпе алған. 2019 жылы өңірге туберкулез ауруына қарсы 37 мың, қызылша мен қызамыққа қарсы 18950, кейін тағы 51200 вакцина сатып алынған. Адамның қорғаныш қабілетін арттыратын дәрі-дәрмектер алдымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қатаң тексерісінен өтеді, сапалы өнім талапқа сай болса ғана тұтынушыға ұсынылады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, иммундау шарасы аясында екпенің кері әсері байқалмаған.
Біздің елімізге шетелден жеткізілетін дәрі-дәрмекке күмәнмен қарайтындар да бар. Тіпті, екпенің сапасына сын айтушылар да табылады. Дегенмен, жауапты ведомство адам өмірі ойыншық емес екенін жақсы түсінеді. Петропавл қаласының тұрғыны Әсел (аты-жөнін атаудан бас тартты) есімді келіншек баласына екпе салдырғысы келмейді. Ол екпеден кейін асқыну болуы мүмкін екенін алға тартты. Дәрігердің емес, ғаламтордың “ақыл-кеңесіне” жүгінген ол иммундау шарасына үзілді-кесілді қарсы.
– Кез келген екпеге адам ағзасында реакция болады. Әсіресе, баланың ыстығы көтеріліп, өзін әлсіз сезінуі мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. Бұл кезде ағзаның қорғаныш қабілеті қалыптасады. Балаға екпе салмас бұрын әуелі оның денсаулығын тексереміз. Егер сәби өзін жайсыз сезінсе, иммундау шарасын кейінге қалдырамыз. Екпе – жұқпалы аурулардың таралуына жол бермейді. Сол себепті оның көмегі зор, – деген Тайынша көпбейінді ауданаралық аурухананың педиатр-дәрігері Мария Козаченко өзі жұмыс істейтін емдеу мекемесінде де кейбір ата-аналар балаға екпе қойдыруға қарсы екенін айтты. Бірақ түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
Өткен ғасырда сүзек ауруы қаншама адамның өмірін қиып кетті. Сол кезде екпе қоймақ түгіл, дәрі-дәрмектің өзі жоқ еді. Қазір медицина қарқынды дамуда. Оның үстіне біздің елімізде иммундау шаралары тегін жүргізіледі. Сондықтан сақтықта қорлық жоқ екенін естен шығарып алмайық.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.