«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЛУБ ЖАҢА ОЙЫНШЫЛАРМЕН ТОЛЫҚТЫ

Бір жылдық үзілістен кейін Премьер лигаға қайта оралған «Қызылжар» футбол клубы Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарының бірінші кезегін аяқтады.

Жергілікті клубтың «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарланғандай, клуб басшылығы бірқатар жергілікті ойыншылармен келісімшартты ұзартып, жаңа футболшыларды қатарға қосқан. Атап айтқанда, петропавлдық футбол мектебінің түлектері Ильдар Аитов пен Виктор Гунченко алдағы маусымда қызылжарлық клубтың намысын қорғай береді. Тағы екі жас футболшының келісімшарты екі жылға ұзартылды. 21 жастағы Артем Черединов былтырғы маусымда негізгі құрамға ауысқан. Ол соңғы 21 матчта 6 гол соқты. Ал жас шабуылшы Дмитрий Савченко клубқа екі жыл бұрын шақырылған болатын. Бірақ кездесулердің бірінде алған жарақатына байланысты ұзақ уақыт жасыл алаңға шықпаған.
Сондай-ақ, Михаил Платика, Терентий Луцевич және Цецхладзе Тамаз деген жаңа футболшылар қатарға қосылды. Михаил Платика (15.03.1990 ж., жартылай қорғаушы) бұған дейін Молдованың «Милсами» клубында өнер көрсеткен. Терентий Луцевич (19.04.1991 ж., қорғаушы) былтыр осы елдің «Гомель» клубында ойнаған. Ал Цецхладзе Тамаз (08.12.1996 ж., жартылай қорғаушы, қорғаушы) Кутаисидің «Торпедо» клубында доп тепкен.
Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының жаңа ережесіне сәйкес, Премьер-лига құрамына әр команда 30 ойыншыға дейін ала алады. Олардың 12-сі қазақстандық футболшылар болуы керек. 10 футболшы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің (Ресей, Беларус, Армения, Қырғыстан) азаматы болса, 8 легионер тартуға рұқсат. Бұл ережеге сәйкес, командаға жаңадан қосылған Терентий Луцевич пен Михаил Платика легионер болып саналмайды. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp