«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ — ПОЛИЦИЯҒА БЕДЕЛ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында облыстық полиция департаментінде ауқымды шаралар қолға алынды.

Азаматтардың өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыру – бәрімізге ортақ міндет. Ай сайын “Жолда қабылдау” акциясын өткізуді дәстүрге айналдырдық. Басқарма басшылары азаматтарды алдын ала жазылусыз, ешқандай бюрократиялық кедергісіз, кабинеттен тыс – көшелер мен аулаларда қабылдайды. Осылайша, азаматтардың түйінді мәселелерін жылдам шешуге және полиция жұмысын жетілдіруге мүмкіндік жасалды. Өткен жылы осындай тоғыз акция өткізіліп, қоғамдық қабылдауға келген 3 мыңнан астам адамға тиісті кеңес берілді. Бұл шараға консультативтік-кеңесші орган мүшелері белсенді қатысып, қоғамдық қабылдау өтіп жатқан жерден тікелей эфир ұйымдастырды. Осындай шаралар барлық аудандарда да өткізілді.
Сонымен қатар полицияның аумақтық органдары басшыларының, учаскелік инспекторлардың тұрғындар алдындағы есептік кездесулері де ерекше маңызға ие. Өткен жылы бір мыңнан аса есептік кездесу өткізіліп, оған алпыс төрт мыңнан астам адам қатысты. Мұның барлығы полиция мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізді. Өзім де ауылдық округтерге жиі барып, тұрғындармен кездесемін. Осы күнге дейін шалғайда орналасқан он сегіз ауылдық округке барып, тұрғындардың мәселелері, жергілікті жердегі тәртіп сақшыларының жұмысы жайлы білдім. Алдағы уақытта да осындай қарқынмен жұмыс істейтін боламын.
Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын жүзеге асыру барысында бірқатар өзгерістер орын алды. Алдымен полицияның ұйымдастыру-штаттық құрылымын оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Тәртіп сақшыларының қатары 10 пайызға қысқарып, олар жұмыссыз қалмау үшін кадр жетіспей жатқан бөлімшелерге жіберілді. Басқарушылық іс-әрекеттерді оңтайландыру кезінде бірқатар бөлім және бөлімше басшыларының лауазымы қысқартылды. Бұл оңтайландыру ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор лауазымын енгізу арқылы жүзеге асырылды.
Сонымен қатар ішкі істер органдары құзыреттілігіне тән емес іс-әрекеттерді алып тастау бойынша шаралар қолданылуда. Мәселен, өткен жылдың 1 шілдесінен бастап көлік құралын тіркеуді, жүргізуші куәлігін беруді толығымен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жүзеге асырады.
Бүгінгі таңда қызметкерлерге еңбекақы төлеу және әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге зор мән беріліп отыр. Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап полицейлердің еңбекақысы 20-дан 65 пайызға дейін көтерілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: “Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады”, – деген тапсырмасына орай бүгінде бағалаудың жаңа өлшемі енгізілді. Енді тұрғындар полиция жұмысының тиімділігі мен қауіпсіздік жағдайын тікелей бағалайды.
Заман талабына сәйкес тұрғындармен жұмыс істеу үлгісі жетілдіріліп отырылуы қажет. Бұл қоғаммен байланысты жақсартып, полиция жұмысының ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз етіп, сервистік үлгіге көшуді талап етеді. Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінбек. Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-кеңселерін ашуға жұмсалады. Осы жұмыс аясында полицияның қалалық және аудандық бөлімдерінде халыққа қызмет көрсету орталықтары қағидаты бойынша жұмыс істейтін “фронт-кеңселер” құрылды. Бүгінде азаматтарды қабылдауға арналған осындай 17 жайлы кеңсе жұмыс істеп тұр.
Өткен жылы аталған кеңселерге 35225 адам келіп жедел түрде мәселелерін шешті. Бұл “102” жедел қызметі, кезекші бөлімнің жұмысын жеңілдетіп, қылмыс жайлы хабарларға жіті назар аударуға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда кез келген адам үйінен шықпай-ақ, ғаламтор желісі арқылы бізге өтінішін жолдай алады. Күн сайын “Facebook” әлеуметтік желісіндегі жеке парақшамда тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға жауап беріп отырамын. Апта сайын департаменттің қоғамдық қабылдауында түрлі мәселелерін айта келген азаматтарды қабылдаймын. Орынбасарларым мен бөлімшелердің бастықтары да өңір тұрғындарымен диалог орнатқан. Сонымен қатар “Nur Otan” партиясы облыстық филиалында жүйелі түрде қоғамдық қабылдау өткіземін.
Атқарылып жатқан жұмыс тиімді болуы үшін сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. “Бармақ басты, көз қыстылықты” болдырмау мақсатында мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, электронды үлгіге көшірілуде. Бүгінгі таңда патрульдік полицияның барлық қызметкерлері бейнетіркеуді пайдаланса, алдағы уақытта учаскелік инспекторларды да қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда кейбір қызметтер аумақтық қағидат бойынша көрсетіледі. Енді азаматтар еліміздің кез келген өңірінде отырып, халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы төлқұжат, жүргізуші куәлігін алады, көліктерін тіркейді.
Облыс аумағында 1351 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның төрт жүзден астамы Петропавл қаласына тиесілі. Камералардың арқасында 695 қылмыс ашылып, 13 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Облыс орталығындағы 7 көшенің қиылысына 42 камера орнатылып, нәтижесінде 1774 жол ережесін бұзу фактісі белгілі болды. Тұрғын үйлердің подъездерінде де 1576 камера бар.
Петропавлдағы жедел басқару орталығы қала ұйымдары мен мекемелеріндегі 1018 бейнебақылау камерасына қосыла алады. Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют және Аққайың аудандарындағы камералар жергілікті жерде ашылған бейнебақылау орталығына қосылған.
Ауқымды жұмысты жүйелі және сапалы орындау үшін кадрлардың кәсіби біліктілігі аса маңызды. Осы орайда қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға зор көңіл бөлеміз. Полиция қызметінің беделді болуы тәртіп сақшысының жұмысына байланысты. Патрульдік полицияның мәртебесін көтеріп, сержант лауазымын офицерлікке ауыстырдық. Бірқатар мамандарға жалдамалы үйдің ақысы төленеді. Алдағы уақытта мұндай жеңілдік баспанасы жоқ барлық полиция қызметкерлеріне көрсетілетін болады.
Жалпы полицияға қойылатын негізгі талап – жұмыс тиімділігі. Ал оны бағалаудағы басты шарт – халық сенімі. Сондықтан ішкі істер органдарында жүргізіліп жатқан реформалар осыған бағытталған.

Марат ТӨЛЕБАЕВ,
облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp