«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ ТАЛАП — САПА

Облысымыздағы автокөлік жолдарына жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасы соңғы жылдары жиі сынға алынуда. Соңғы үш жылда өңір аумағындағы жолдардың 2134 шақырымы жөнделді. Дегенмен, 39 пайызға жуық жолдың жағдайы әлі де көңіл көншітпейді. Жол сапасын “Ұлттық жол активтері сапасы орталығы” РМК облыстық филиалының мамандары тексереді.

2019 жылы жолаушыларды діттеген жеріне жеткізіп отыратын жолдарды жөндеуге ел бюджетінен 30 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде 676 шақырым жолға ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілді. Ал биыл облыс жолдарын жөндеу жұмыстарына ел бюджетінен бөлінген 37,8 млрд. теңгеге 700 шақырымнан астам жол жөндеу жоспарланған.
Жолдың сапасын тексеретін орталықтың өкілдері 2019 жылы 120 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар жолдың сапасын тексерген. Олардың 60 шақырымы жаңғыртылса, қалғанына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, 367,5 шақырымды құраған облыстық маңызға ие жол жөнделді. Зертхана мамандары жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстары қолға алынған бұл учаскелерде болып, жол-құрылыс материалдарынан сынамалар алған.
– Әлемнің өркениетті елдері ең алдымен жол сапасына ерекше назар аударады. Біздің орталықтың мамандары былтыр 322 рет тасжолға тексеріс жүргізді. Жол-құрылыс материал­дарынан 527 сынама алынды. Зертханаларда жасалған сараптамалардың нәтижесінде 33 тасжолдың сапасы талапқа сәйкес келмейтіні және осынша жолдың сапасыз жасалғаны анықталды. Нәтижесінде мердігер компанияларға 36 ескерту жасалып, 22 хат жолданды, – дейді облыстық филиалдың директоры Жолдыбай Тентеков.
Зертхана мамандары автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезінде қолданылған құрылыс материалдарының талапқа сәйкестігін, атқарылған жұмыстың нормативтік-техникалық құжаттардан, жобадан ауытқымауын қадағалайды. Тәжірибелі зертханашы Галина Журавлеваның айтуынша, кейбір мердігерлер жөндеу жұмыстарына жүрдім-бардым қарап, құрылыс талаптарын ескермейді екен. Соның кесірінен төселген тасжолда жыл өтпей жатып ой-шұңқыр пайда болатын көрінеді.
– Жолдың ені мен биіктігін, геодезиялық белдігін қамтитын геометриялық параметрлердің, құрылыс материалдарының қоспасын жасау талаптарының сақталмауы нәтижесінде асфальттің сапасы бұзылады. Мысалы, материалдарға топырақ пен саз сияқты заттар араласқан кезде темір-бетон бұйымдарында сызат және жарылу сияқты техникалық ақаулар орын алады. Кейбір жағдайларда асфальт-бетон жамылғысын төсеген кезде қажетті температура сақталмайды. Зертханамызда асфальттың сапасы, яғни төсеменің қалыңдығы мен тығыздығы тексеріледі. Сынамалардың кейбірі 2-3 сағаттың ішінде дайын болса, кейбіреулері бірнеше айға дейін созылады, – дейді Галина Викторовна.
Зертхана инженерлері әртүрлі құрал-жабдықтардың көмегімен мердігер компания пайдаланатын құрылыс материалдарының сапасын тексереді. Әсіресе, жол құрылысында пайдаланылған тас материалдар, битум, асфальт-бетон қоспасы, топырақтың талапқа сәйкестігіне де назар аударылады.
Жыл басынан бері тағы 12 сынама алынып, 2 кемшілік тіркелді. Барлық зертханалық сараптамалар мен сынақтар аяқталған соң анықталған кемшіліктер мен ақаулар бойынша жасалған акт облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына және мердігерлерге жіберіледі.

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.

Сурет https://kaztag.kz/  сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp