
Еліміздің нарықтық экономикаға көшуі қоғам өміріне орасан зор өзгерістер әкелді. Тәуелсіздік жылдары аудиторлық қызметтерге сұраныс та арта түскені анық. Осылай мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау азаматтардың әлеуметтік қамтылуын, мемлекеттің тұрақты экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең маңызды жүйесіне айналды.
Мемлекеттік аудиттің мақсаты – бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру. Ал бұл жұмыспен Президенттің өңірлерде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарын жетілдіру туралы Жарлығымен құрылған тексеру комиссиясы айналысады.
Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторлары мемлекеттік аудитті жүргізу аясында Қазақстан Республикасы заңнамасының аудит сәйкестігін, оның ішінде регламенттелінген және белгіленген мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын, құқықтық актілерін тексереді. Тексеру комиссиясы мүшелерінің аудиторлық іс-шараларға шығар алдында мемлекеттік аудиторлармен сыбайлас жемқорлық туындайтын фактілерді болдырмау бойынша нұсқаулық жүргізуі, қолданыстағы заңнамалардың және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормаларын түсіндіруі дәстүрге айналған.
Былтыр республикалық есеп комитетінің “тиімді” бағалауы рейтингінде біздің облыстық тексеру комиссиясы өз тарихында тұңғыш рет еліміз бойынша бірінші орынға шықты. Бұл кездейсоқ табыс емес. Бюджет қаржысын пайдалануда анықталатын жүйелі бұзушылықтарды болдырмау мен алдын алу үшін біз кең ауқымды жұмыстарды қолға алып, оның әдістерін ұдайы жетілдіру үстіндеміз. Мәселен, біз аудан әкімдерінің, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қатысуымен семинар-кеңестер өткіздік. Осындай жұмыстардың нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың сомасы 2019 жылы 6,9 млрд. теңгеден 3,2 млрд. теңгеге дейін, яғни 2 есе азайды.
Бүгінгі таңда біздің қызметімізге ашықтық тән. Тексеру комиссиясының менеджменті мен жұмыс әдістерін жетілдіру арқылы біз тұрғындарға бір табан жақындай түстік. Атап айтқанда, Тексеру комиссиясының сайты жаңартылып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша “Nur Otan” партиясының аудандық филиалдарында қабылдайтын болдық. 2019 жылы салықтық әкімшілік аудитінің тиімділігіне көз жеткізу мақсатында төрт ауданда (Ақжар, Аққайың, Жамбыл және Ғабит Мүсірепов атындағы) аудит жүргізілді. Олардың барысында 39,9 млн. теңге сомасында қаржылық бұзушылық анықталып, оның 39,3 млн. теңгесі жергілікті бюджетке қайтарылды.
Аудиттің қолданыстағы заңнамаларға сай сапалы өтуі мемлекеттік аудиторлардың біліктілігіне тікелей байланысты. Біз бұл мәселеге де күнбе-күн көңіл бөліп отырамыз. Айталық, біз мемлекеттік аудит саласында ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы мемлекеттік аудиторлардың біліктілігін арттыру, өзара байланысты дамыту мақсатында Тараз мемлекеттік педагогикалық университетімен, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен меморандумға қол қойдық. Сондай-ақ, университеттер, “НИТ” және “Қазақтелеком” АҚ-ның, “Госсектор. KZ.” ЖШС-нің басшыларының қатысуымен бюджет қаржысын, мемлекеттің активтерін пайдалануға электронды аудит жүргізу мәселесі бойынша “дөңгелек үстел” өткізілді.
Біз өзіміз ұйымдастыратын шаралардың барысында мемлекет мүлкіне көз алартудың түбі өкініш екенін дәттеуден жалыққан емеспіз. Алайда, арамызда жөн сөзге құлақ аспайтындар аз емес. 2019 жылы Айыртау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас есепшісі қылмыс жасады деген айыппен 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды және ол енді өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтын болды. Бас есепшінің 1,0 млн. теңге мөлшеріндегі қаржыны негізсіз аударғаны аудит барысында анықталды. Өткен жылы Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында екі 15 пәтерлік тұрғын үй салынған болатын. Өкінішке қарай, тиісті ұйым құрылыс жұмыстарының толық орындалуын күтпей актіге қол қойып, 19,1 млн. теңге қаржыны аударып жіберген. Бұл факті де сотқа жолданды. Ал жалпы, 2019 жылы аудиторлық іс-шаралармен 73 нысан, 116,5 млрд. теңге бюджет қаржысы мен мемлекет активі қамтылды. Олардың барысында 1,2 млрд. теңгенің қаржы тәртібін бұзушылығы анықталып, 1,1 млрд. теңгесі немесе 95,4 пайызы мемлекетке қайтарылды. Орынсыз жұмсалған қаржыны бюджетке қайтару оңай емес. Кейде бұл үрдіс ұзаққа созылып кетеді. Бірақ біз ондай жағдайларды да назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Сөйтіп, өткен жылы бұрынғы жылдардағы қаржылық бұзушылықтардың 127 млн. теңгесін жергілікті бюджетке қайтаруға қол жеткіздік.
Талдаулар көрсетіп отырғанындай, аудиттің негізі нысандары түрлі бұзушылықтарға бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есеп беру барысында жол береді. Мәселен, 2019 жылы бухгалтерлік есепті бұзушылық 951,8 млн. теңге немесе барлық бұзушылықтың жалпы сомасының 29,8 пайызы (2018 жылы 1,4 млрд. теңге немесе 21 пайыз) болды, оның ішінде активтерді, қорларды көрсетпеу немесе қате көрсету, қорларды негізсіз есептен шығару, кредиторлық және дебиторлық қарыздарды жасыру фактілері бар.
Жекелеген аудит нысандарының бюджет қаржысын, мемлекет активтерін тиімсіз пайдаланып отырғаны да жасырын сыр емес. Тек 2019 жылы ғана осындай бұзушылықтардың көлемі 2 млрд. теңге болды. Ақжар, Айыртау, Тайынша және Шал ақын аудандарында оқушылар саны кепілді мемлекеттік нормативтерге сәйкес келмейтін мектептерге 1,9 млрд. теңге қаржы бөлінгені анықталды.
Талдаулар көрсетіп отырғанындай, нысандарды салу мен жөндеу барысында да бұзушылықтарға жол беріледі. Мысалы, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасында, Шал ақын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінде сомасы 19,3 млн. теңгенің орындалмаған жұмыс көлемі анықталды. Және бір атап өтерлік жай – мұндай жағдай аудит нысаны басшылары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы салдарынан орын алып отыр.
Ал мемлекеттік сатып алулар саласында сатып алулар жоспарын уақтылы орналастырмау, орналастырылған ақпаратта тауарлық белгілердің көрсетілмеуі, тапсырыс берушінің ықтимал жабдықтаушының мемлекеттік сатып алушыны жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа арыз-шағым түсірмеуі сияқты фактілер жиі кездеседі. Осылай, Айыртау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі, Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласы әкімінің аппараты қолданыстағы заңнамаларды орап өтіп, бұл мәселені тура келісім жасау арқылы шешкен. Басқа да мысалдар жетерлік. Өткен жылы барлығы 332,4 млн. теңгенің 67 рәсімдік бұзушылықтары (Ақжар ауданы әкімі аппаратының, Ақжар аудандық білім бөлімінің, Айыртау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің, Тайынша аудандық ветеринария бөлімінің басшылары, Тайынша ауданындағы “Болашақ” ясли-бақшасының меңгерушісі, меңгерушісінің міндетін атқарушы, бас бухгалтері) анықталды. Мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаларды бұзғаны үшін 7 тұлға 523,9 мың теңге көлемінде айыппұл төледі.
Аумақтарды дамыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да біздің назарымызда. Өткен кезеңде Ақжар, Айыртау, Тайынша және Шал ақын аудандарында жергілікті бюджетті жоспарлау мен орындау, аумақтарды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылау мақсатында аудит жүргізілді. Бұл орайда да көптеген кемшіліктерге жол берілгенін айтуға тиіспіз. Нақты айтсақ, аудандардағы мемлекеттік ұйымдар жоспарланған мақсатты индикаторларға қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отырған жоқ. 2018 жылы Айыртау ауданында 64 мақсатты индикатордың 51-і немесе 79,7 пайызы (экономика мен қаржы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, ТКШ бөлімдері, ауылдық округтер әкімдері, мемлекеттік орман шаруашылығы, аудан әкімінің аппараты, полиция бөлімі), Тайынша ауданында 72 индикатордың 62-сі немесе 88,6 пайызы (экономика мен қаржы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, полиция бөлімдері), Шал ақын ауданында 68 индикатордың 59-ы немесе 86,8 пайызы (экономика мен қаржы, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, ТКШ, жер қатынастары бөлімдері, аудан әкімінің аппараты, орман шаруашылығы) орындалған. Анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтар аудандық экономика және қаржы бөлімдері тарапынан бағдарламаны жүзеге асыруға немқұрайдылық орын алып отырғанын, алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін қабылданған шаралардың жеткіліксіздігін көрсетеді.
Әлі де болса көптеген нысандарда бюджет қаржысын жоспарлаудың тиімділігі төмен, сол сияқты қаржылық тәртіп әр кез сақтала бермейді. Атқарушылар мен лауазымды тұлғалардың арасында өздеріне жүктелген жауапкершілікті түсінбейтіндер де аз емес. Әрине ондайларды ешкім маңдайдан сипамайды. Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде 389 тұлға жауапкершілікке, оның ішінде біреуі қылмыстық, 219-ы әкімшілік (айыппұл сомасы 9,2 млн. теңге) жауапкершілікке тартылды. 2019 жылы аудит нысанының 169 лауазымды тұлғасына шара қолданылды. Олардың басым бөлігі ескерту – 107 немесе 63,3 пайызы және сөгіс – 58 (34,3 пайыз), қатаң сөгіс – 3 (1,8 пайыз), қызметіне сай келмейтіндігі туралы ескертпе – 1 (0,6 пайыз). Алайда жауапкершілікке тартылғандардың тек 20-сы ғана (11,8 пайыз) бірінші басшылар.
Коммуналдық меншікке жататын тұрғын үй қорын пайдаланғаны үшін төлемдердің толық және уақтылы түсуіне аудит жүргізген кезде жалдау мен жекешелендіру келісімшарты бойынша баспана құнын толық және уақтылы төлемеу фактілері орын алып отырғанына көз жеткізілді. Бір таңғаларлығы, жалдаушылар мен сатып алушылар ол үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатындарынан бейхабар болып шықты. Аудит қорытындысы бойынша 126 жалдаушы мен сатып алушыға жалпы сомасы 4 млн. теңге айыппұл салынды. Өңірлерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға жүргізілген аудит барысында осы тектес бұзушылықтар төрт ауданда (Ақжар, Айыртау, Тайынша, Шал ақын) анықталды, 30 жалдаушыға жалпы сомасы 3,9 млн. теңге айыппұл салынды.
Аудит нысандарының анықталған бұзушылықтар бойынша қаржыны қайтаруы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Өкініштісі, жекелеген аудит нысандары бұл талапты уақтылы шешу қажеттігін ескеріп отырған жоқ. Олардың қатарында Мағжан Жұмабаев аудандық білім бөлімін, Новоникольск ауылдық округі әкімінің аппаратын, Уәлиханов және Мағжан Жұмабаев аудандарының мемлекеттік кірістер басқармаларын атауға болады. Бұл ұжымдардың 2018 жыл үшін орны толтырылмаған 6,1 млн. теңге қарызы бар. Ал жалпы облыс бойынша 2019 жылы қалпына келтірілмеген және қайтарылмаған қаржы көлемі 54,4 млн. теңге. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы, Тайынша аудандық экономика және қаржы бөлімі, Петропавл қалалық, Тайынша, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдері, Ақжар, Айыртау, Тайынша аудандық жұмыспен қамту орталықтары, Петропавл қалалық, Тимирязев, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық жер қатынастары бөлімдері, Шал ақын ауданындағы “Өркен” өнер мектебі), Шал ақын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі бюджетке 19,1 млн. теңгені қайтаруы тиіс.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес облыстық тексеру комиссиясы қызметінің басым бағыттарының бірі болып саналады. Осы мақсатта тексеру комиссиясы 2018 жылы облыс прокурорымен,облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысымен және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі облыстық департаментінің жетекшісімен бірлесіп “Мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау жүргізу кезінде анықталған құқық бұзушылық жөніндегі мемлекеттік аудит материалдарын беру ережесін” бекітті.
Тілеген КАСКИН,
Солтүстік Қазақстан облысы
бойынша тексеру комиссиясының төрағасы, PhD экономика докторы,
экономика ғылымдарының кандидаты.