
Алақандай ауыл сол күні тып-тыныш тіршілікте болатын. Сол тыныштықты “Өрт болып жатыр, көмектесіңіздер!” деген әйелдің даусы бұзды.
Бұл оқиға өткен жылдың соңғы күндерінің бірінде түс ауған кезде орын алды. Өрт Жамбыл ауданы Сәбит ауылында тұратын мектеп жасындағы 3 баласы бар Самат Қалиевтің үйінен шыққан еді. Мұндай қысылтаяң сәтте ауызбіршілігі мығым ауыл тұрғындары ұйымшылдық таныта білген ғой! Үлкені бар, кішісі бар үйлеріндегі су толы ыдыстарын қол шанаға тиеп, шелектерін ұстап алып-ұшып қою қара түтін жамылған үйдің жанына асыға жеткен. Алдымен жеткендердің арасында осы ауылдың тумасы, қазір Петропавл қаласындағы №1 мемлекеттік өрт бөлімінде өртсөндіруші-құтқарушы болып қызмет ететін азаматтық қорғау кіші сержанты Нұрбол Жүкенов те бар еді.
Тілсіз жау орны толмас өкінішке әкеледі. Сондықтан мұндай сәтте әрбір минут қымбат. Мұны жақсы түсінетін Нұрбол жанындағы ауылдастары Ноян Мусин мен Серік Шәріповке өртке қатысты бір-екі ауыз нұсқау беріп үлгереді. Олардың жанында әскери борышын жаңа ғана өтеп оралған туған бауыры Нұрлыбек бар еді.
Үй иесі мал қораға кеткенде 8 және 10 жастағы екі қызы үйде ойнап отырған. Соны естіген Нұрбол терезеден кіріп, үйдің ішінен балаларды іздеуге кіріскен. Өзге жігіттер де қарап қалуға болмайтындығын түсініп, дереу көмекке келіп үлгерген. Абырой болғанда, бұл кезде ештеңеден хабарлары жоқ екі қыз далада құрбыларымен алаңсыз ойнап жүріпті.
Нұрбол Жүкеновтің өрт кезінде жасаған батыл әрекеті жайлы ауылдастары әлі де сүйсіне әңгіме етуде. Иә, мұндай сәтте кез келген адамның жүрегі лаулап жанып жатқан үйге кіре қоймасы анық. Жігерлі жігіттің батылдығына қалайша сүйсінбейсің. Ал өзі осы өрт оқиғасы жайлы әріптестеріне тіс жарып айтпапты.
Қошан ҚАЛИ.
СУРЕТТЕ: Н.Жүкенов.