«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰЗ ҚЫСТА ДА ҚАУІПТІ

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жедел-құтқару жасағы қыстың көзі қырауда ақ түтек боранға да, қақаған аязға да қарамастан, күн сайын су айдындарында қауіпсіздік рейдтерін жүргізеді. Өйткені жыл өткен сайын қайғылы оқиғалардың саны көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Бұған көп жағдайда адамдардың бейқамдығы себеп.

Мұз үстінде қауіпті жағдайлар тек көктемде ғана емес, қыста да орын алады. Әсіресе, өзен-көлдердің жағалауларында, ағысы қатты тұстарында, қамыс пен ағаш өскен маңында мұз жұқа келеді. Қар астындағы қалған мұз да қауіпті. Мұздың беріктігін түсіне қарап анықтауға болады. Көгілдір немесе жасыл түсті мұз берік болса, ақ мұздың беріктігі оған қарағанда екі есе аз. Ал сұр, күңгірттеу ақ немесе сарғыш мұз мүлдем қауіпті.

Сондай-ақ, түнде балық аулауды ұнататындардың қауіпсіздігі де үнемі назарда. Мұз үстіне шатыр тігіп түнегенде, оның ішін пешпен не газбен жылытқан соң, есікті ашқан жөн. Тіпті мұндай шатырдың ішінде майшам жаққанның өзінде біраз уақыттан соң адамның басы ауыра бастайды. Бұл – оттегі жетіспеушілігінің және көмірқышқыл газымен уланудың алғашқы белгісі. Мұндай шатырда ұйықтап қалған адам оянбауы да мүмкін. Көршілес тігілген шатырға кіріп шыққан да артықтық етпейді. Бәлкім, біреудің өмірін құтқаруға септігіңіз тиер. Сонымен қатар құтқарушылар мұз үстіне автокөлікпен шығуға болмайтынын ескертеді.
Рейд барысында құтқарушылар балықшылармен қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында әңгіме жүргізіп, мұз үстіндегі қауіпсіздік туралы жадынамалар таратты. Бір рейд барысында 15 балықшы қамтылды.
Қайғылы жағдайға тап болсаңыз, дереу 112 телефонына қоңырау шалыңыз. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp