«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАУЛЫ КҮНДЕР ТІЗІМІ ТОЛЫҚТЫ

Биыл еліміз бойынша атаулы күндер аз емес. Атап айтар болсақ, Әбу Насыр әл Фарабидің – 1150, Абайдың – 175, Ұлы Жеңістің – 75 және Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту шаралары жоспарлануда. Біздің өңірімізде де мұндай маңызды оқиғалар аясында ұйымдастырылатын ауқымды шаралардың жоспары бекітілді.

Биыл облыс аумағында танымал жазушы Сәбит Мұқановтың 120 жылдығы кеңінен аталып өтпек. Сонымен қатар Ботай қонысында археологиялық қазба жұмыстарының басталғанына 40 жыл толуына орай түрлі мәдени-тарихи іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві биылғы жылғы атаулы күндердің күнтізбесін жасап, арнайы кітап түрінде басып шығарды. Былтыр Уәлиханов ауданында Алтын Орда дәуірінің тарихи ескерткіші табылды. Ғалымдар мен тарихшылар «Қызыл Оба» атанған мазарлар Жошы хан ұрпағынікі болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Қызылжар өңірінде де осындай тарихи маңызы зор оқиғалар аталып өтілетін болады», – дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығы – әр қазақстандық үшін маңызды оқиға. Сәуле Зейноллақызының айтуынша, сұрапыл соғыс жылдары 100 мыңға жуық жерлесіміз майдан даласына аттанса, соның тең жартысы елге қайтып оралмаған. 55 солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанса, биыл солардың қатарында есімдері құрметпен аталатын Жәлел Қизатов пен Әбу Досмұхамбетовтың туғанына 100 жыл толмақ.
«Сондай-ақ, сазгер, ақын, әнші Үкілі Ыбырайдың дүниеге келгеніне 160 жыл толады. Көзі тірісінде қудалауға ұшырап, 72 жасында ату жазасына кесілген оның есімін көпшілік жадында жаңғырту – бүгінгі ұрпақ үшін парыз. Осындай маңызды оқиғаларды әрқайсымызға ой салатындай, рухани жаңғыруымызға жол ашатындай тәлімді шаралар арқылы атап өтуіміз керек», – дейді Сәуле Мәлікова.

Гүлбике КУБЕНОВА,
«Soltústik Qazaqstan». 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp