
20 қаңтарда ел аумағында бастау алған «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шарасының негізгі мақсаты – мас күйде жасалатын қылмыстарға жол бермеу, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстық ахуалды жақсарту. Облыста 300-ге жуық, ал облыс орталығында 88 учаскелік полиция инспекторы күн сайын үй-үйді аралап, тексереді.
Осы шара барысында қалалық полиция басқармасының қызметкерлері 20-шы шағын ауданның 46 жасар тұрғынын жауапқа тартты. Еш жерде жұмыс істемейтін ер адам ащы суға құмар. Анасы оған шағымданып полицияға бірнеше рет жүгінген. Алайда бірнеше рет жасалған ескертулер, сот белгілеген шаралар еш нәтиже бермеді. Құқық бұзушы ескі әдетіне салып, анасының мазасын алуды доғармаған. Енді ол 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынатын болды.
Басқа отбасында орын алған осындай жағдайға да учаскелік инспекторлардың араласуына тура келді. 23 жастағы жігіт есірткі пайдаланып, үйінде үнемі жанжал шығарып отырған. Бұрындары оның анасы полицияға бірнеше рет жүгініпті. Бұл жігіт те қамауға алынды. Шыққан соң оны нашақорлықтан мәжбүрлеп емдеу ұйымына жіберіледі.
Петропавлда «Тұрмыс» шарасы аясында Әкімшілік кодекстің 669-бабы бойынша 4 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Іс-шараның 14 күні ішінде облыс бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 134 фактісі анықталды, соның 45-і рейдтер мен үйлерді аралау кезінде белгілі болды. Сондай-ақ, 1110 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның 683-і – алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе мас күйде қоғамдық орында жүру, 123-і – отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер. «Тұрмыс» жедел-алдын алу шарасы 20 ақпанға дейін жалғасады.