
Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында «Құнанбай» кітабының тұсаукесері өтті. Ресейдің Мәскеу қаласындағы «Молодая гвардия» баспасынан «Жизнь замечательных людей» сериясымен шыққан кітаптың авторы – Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов. Үш мың данамен шыққан тарихи-ғұмырбаяндық кітаптың жарық көруіне халықаралық түркі академиясы, Қазақстан Жазушылар одағы және Ұлттық академия қолдау білдірген.
– Мен кәсіби тарихшымын. Осы уақытқа дейін тапқан материалдарымды топтастырып, кітап қылып шығарғаныма қуаныштымын. Маған оқырмандар тарапынан «Неліктен Құнанбай туралы жазуды қолға алдыңыз?» деген сұрақтар қойылуда. Оның өзіндік себебі де бар. Біз оны тек Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы» кейіпкер ретінде ғана қабылдаймыз. Жазушының ұлылығының арқасында дүниеге осындай образ келді. Дегенмен, ол – кітаптағы кейіпкер ғана. Ал тарихи тұлғаның нақты өмірі, қоршаған ортасы мен істеген істері болды. Кітап жазу барысында Құнанбайдың өмірін объективті көрсетуді алдыма мақсат қойдым, – дейді Ерлан Сыдықов. Шығармада негізінен Шығыс және Орталық Қазақстан облыстарындағы, Ресейдің Омбы мен Новосібір қалаларындағы мұрағаттардан табылған құжаттары қолданылған.