«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗГЕ ӨҢІРДІҢ ЭНЕРГИЯСЫНА ТӘУЕЛДІ

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Тайынша ауданына барды. Аудан әкімі Иван Турковтың тұрғындар алдындағы есептік кездесуіне қатысып, қоғамдық қабылдау өткізді. Тұрғындар алдында өткен жылы атқарған жұмысын саралап, биылғы жоспарымен бөліскен аудан әкімі шешімін таппаған мәселелер бар екенін тілге тиек етті. Үстіміздегі жылы осыған баса назар аударылады екен. Қорытынды жиында тұрғындар тарапынан да бірқатар мәселелер көтерілді. Мәселен, Қытай Халық Республикасынан көшіп келген Бейсен Жәнәбілұлы жарты жылдан бері Қазақстан азаматы атана алмай жүргенін айтты. Бұл мәселені өз бақылауына алған облыс әкімі Құмар Ақсақалов атамакеніне оралған азаматты осындай әуре-сарсаңға салу қолдан жасалған кедергі болса, кінәлілер заң жүзінде қатаң түрде жазаланатынын ескертті. Сондай-ақ, Тайынша ауданының әкімі Иван Турковқа жердің игілігін көріп отырған агроқұрылым басшыларының жауапкершілігін арттыруды тапсырды.

Осы күні облыс әкімі Құмар Ақсақалов «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында жеке мәселелерін айта келген тұрғындарды қабылдады. Тайынша қаласының тұрғыны Галина Вирт аудан орталығына жаңа Мәдениет үйі қажет деген тілегін жеткізді. Жарты ғасыр бұрын салынып, әбден тозығы жеткен Мәдениет үйі суық және әртістер дайындалатын бөлмелер қарастырылмаған. Зейнеткердің өтінішін тыңдаған өңір басшысы ғимаратты көпбейінді етіп салу қажет деген ойын айтып, аудан басшысына тиісті тапсырма берді. Ал Теңдік ауылының тұрғындары ауылға жеткізер алты шақырым жолды қалпына келтіруді сұрады. Көктемде Шағалалы өзені арнасынан тасыған кезде бұл жолдың 1000-1200 метрі шайылып кетеді екен. Осының салдарынан Теңдік және осы маңдағы өзге ауылдың тұрғындары елді мекеннен шыға алмай, жіпсіз байланады. Аудан әкімінің айтуына қарағанда, жолдың бұл бөлігін бір метрге көтеру керек. Ал оған 206 млн. теңге қаржы қажет. Алайда, биылғы бюджет бекітілгендіктен, бұл жолды жөндеуге қаржы жоқ. Шарасыз күйде отырған тұрғындардың жағдайын түсінген облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәселені шешу жолдары қарастырылатынын айтты. Ал Келлеровка ауылынан келген Алексей Завгородний Ақмола облысына іргелес орналасқан бес ауданды «Севказэнерго» акционерлік қоғамына қосуды өтінді. “Көкшетау-Энерго” серіктестігі энергия құнын соңғы бір жарым жылда үш рет өсірген. Көп жылдан бері түйіні тарқатылмай келе жатқан бұл мәселені шешу үшін қосымша станциялар салып, магистральдік желілер орнату керек. Он жыл бұрынғы есепке сүйенсек, бұған 200 млн. теңгеден астам қаржы қажет. Осы орайда өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әдiлбек Әубәкiровке қажет қаржыны қайта есептеп, бұл мәселені шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp